Жаңбыр суы аққан вагон: жолаушылар пойызының техникалық жайы тексеріледі

Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде Алматы – Қостанай бағытымен қатынап жүрген жолаушылар пойызындағы қолайсыз жағдайды көрсететін бейнежазба тарады. Кадрларда вагон ішіне жаңбыр суының сорғалап ағып жатқан сәті бейнеленген.

Алдын ала мәлімет бойынша, бұл пойыз «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ына тиесілі емес және «Қазақстан темір жолы» компаниясына қатысы жоқ. Аталған құрам жеке меншік тасымалдаушыға тиесілі.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ таратқан ақпаратқа сәйкес, қазіргі таңда Қазақстан аумағында теміржол арқылы жолаушылар тасымалымен айналысатын 14 жеке оператор бар. Олардың қатарында: «Түрксіб Астана», «Сары-Арка Компани», «Марал Нұр», «Solux Express», «Арай Транс KZ», «Nomadas», «ArlanTransAstana», «ЖелдорТрансАқтөбе», «Otpan Logistic», «VagonServiceAlmaty», «KazRail», «Тенгри Экспресс», «ПК «Туран-Экспресс» және «Промо плюс» ЖШС бар.

Фото: Видеодан алынған скрин

ҚР Көлік министрлігі аталған факті бойынша ресми тексеріс бастағанын хабарлады.

— Алдын ала мәліметке сәйкес, оқиға Алматы – Қостанай бағытымен қатынап жатқан пойызда болған. Вагонның техникалық жағдайына қатысты тексеріс жүргізу туралы шешім қабылданды. Пойыз өз бағытының соңғы нүктесіне жеткен соң техникалық байқау жүргізіледі және оқиғаның мән-жайы анықталады. Егер заңбұзушылықтар расталса, тасымалдаушы компанияның кінәлі тұлғалары жауапкершілікке тартылады. Министрлік жолаушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді және барлық тасымалдаушылардан техникалық регламенттер мен сапа стандарттарын мүлтіксіз сақтауды талап етеді, — делінген Көлік министрлігінің хабарламасында.

Кейінірек ведомствода пойыз вагонының нақты қай компанияға тиесілі екені қосымша нақтыланатыны да хабарланды.

Айта кетейік, Астанада белгісіз біреулер LRT вагондарына сурет салып кеткен.