Жаңбыр жауса, су кешеміз: Оралда жатақхана тұрғындары дабыл қақты

Фото: Ғайсағали Сейтақ / Kazinform

ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласында тұрғындар жиі шағымданатын тозығы жеткен жатақханалар баршылық. Осыған орай Kazinform тілшісі мәселені зерделеп көрді.

Сырты бүтін, іші түтін

Шаһардың ортасында Құрманғазы көшесі 165-мекенжайында тоғыз қабатты ғимарат кезінде Клара Цеткин атындағы (кейін «Диана») тігін фабрикасының жатақханасы ретінде салынған.

Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

Сегізінші қабатта тұратын Сайран Төлегенованың мәлім еткеніндей, күз бен көктемде жаңбыр жауған кезде түгелдей су алып кетеді. Оның айтуынша, жаңбыр жауған күндері тоғызыншы қабаттан су сарқырап ағады. Жарық та өшеді. Қабырғадағы сылақтар құлап жатыр.

- Су кешіп жүреміз. Осыған байланысты көмек сұраймыз. Тым болмаса шатырды жөндеп берсе дейміз. Өзім төрт баланың анасымын. Жалғызбасты болған соң оған жағдайым көтермейді. Пәтердің іші ылғал тартып тұрады. Кішкентай балаларым жиі ауырып, сабаққа бара алмайды. Өзіміз 13 мың теңгеден жиналып, темір есік қондырып алдық. Әйтпесе кез келген адам кіріп, шамдарды ұрлап кетеді. Ішімдік ішкені, ішпегені бар, неше түрлі кісі қонып жатады, - дейді С.Төлегенова.

Сегізінші қабатта тұратын Қарлығаш Ағисенова жатақхананың сырты жылтырағанымен, іші адам төзгісіз екендігін айтады.

Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

- Ішіне кірсең, жағдай осы. Терезелері де аңғал-саңғал. Электр сымдары әбден ескірген, көрініп тұр. Ал біреуді ток соқса, не болмақ? Қаншама ауру бала, үлкен кісілер бар. Оларды көрсең, жаның ауырады. Әкімдік келіп, қарауы керек қой. Жеделсаты жарамсыз. Алдымен күн ашық болып тұрған уақытта шатыр жөнделсе дейміз. Оған қоса төбеден аққан су толатын жертөленің жағдайын санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары тексерсе, дұрыс болар еді, - дейді Қ.Ағисенова.

Тұрғындардың сөзіне қарағанда, Оралда өткізілген Қазақстан-Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумы қарсаңында жатақхана қала бойынша жөнделетін ғимараттар тізіміне енгізілген. Алайда сырты түгел жаңартылғанымен, шатыры жөнделмей қалған.

«Юность» мекенжай иелері кооперативінің өкілі Анар Оралбаеваның нақтылауынша, ғимарат 1974 жылы бой көтерген. Мұнда барлығы 208 бөлме бар. Бұдан бес жыл бұрын тұрғын үйді жаңғырту бағдарламасына енгізу үшін үгіт жұмыстары жүргізілгенімен, оған 30-40-тай бөлме қожайыны ғана келіскен. Мұның тиімділігі сол, тұрғындар күрделі жөндеу қаржысын 15 жылға дейін ай сайын бөліп төлейді. Алайда қожайындардың көпшілігі бережағымыз болса, пәтерімізді сата алмаймыз деп, қарсы шыққан.

Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

Мәселені шешудің тағы бір жолы ретінде шатырды жөндеуге ақша жинау керектігі айтылған. Үйдің бірінші бөлігінде (блогында) жоғары қабаттарында ер адамдар көп болғандықтан, олар өздері реттеп алды. Ал екінші бөліктегілер алтыншы қабаттан төменде тұратындар бізге төбе керек емес деді. Көпшілігінің әлеуметтік жағдайы төмен. Мүгедек арбасына таңылған ер адам, мүмкіндігі шектеулі балалар бар. Оның үстіне тұрғындардың жартысына жуығы – жалғызбасты аналар. Дегенмен жалғыз бөлмеде тұрса да, олардың балалары жақсы оқиды, спортпен айналысып, табысқа жетіп жүргендер аз емес.

- Жаңадан пәтер сатып алғандар өз төбесін жөндегенімен, түгел жасалмаған соң су қуалап бәрібір кіреді. Ғимаратта ыстық су жоқ. Бір қабатта ортақ асүй болса, газ плитасын да бірлесіп пайдаланады. Өз мекендерін үй емес, баяғыша жатақхана есебінде көретіндер, айлап тиісті төлемақы төлемейтіндер бар. Яғни өздерін меншік иесі ретінде сезінбейді. Пәтер жалдап тұратындар да жоқ емес. Қорыта айтқанда, үй жағдайларын түзеуге тұрғындардың өздері де атсалысуы керек, - дейді А.Оралбаева.

Абай даңғылы бойында К.Цеткин атындағы тігін фабрикасының тағы бір 9 қабатты бұрынғы жатақханасы бар. Оның да тағдыры Құрманғазы көшесіндегі аталған ғимаратпен ұқсас деуге болады.

Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

Орал қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің коммуналдық сектор меңгерушісі Ерген Сәлімовтің мәлімдеуінше, бұл ғимараттарды күрделі жөндеуден өткізу мәселесі ҚР Үкіметінің 2022 жылғы 23 қыркүйектегі № 736 қаулысымен бекітілген Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес қарастырылады. «Нұрлы жер» бағдарламасының талаптарына сәйкес тұрғындардың кемінде үштен екі бөлігі келісім берген жағдайда күрделі жөндеуге мүмкіндік болады.

Ит байласа тұрғысыз жер...

Зачаган кентінде Жәңгір хан көшесі 15-мекенжайында орналасқан бес қабатты бұрынғы жатақхананың жағдайы тіпті мәз емес.

Мұнда тұратын Гүлзия Зейінова жұбайы екеуі 2011 жылы Бәйтерек ауданы Белес ауылынан көшіп келген. Денсаулығына байланысты эндокринологқа қаралып, жылына екі рет емделіп тұру керек болғандықтан, қалаға амалсыз қоныстанған. Сондағы шамасы жеткені – екі бөлме.

- Мұндай күйге ұшырайтынымызды кім білген. Өлместің күнін көріп келе жатырмыз, ит байласа тұрғысыз жер. Жаңбыр жауса, төбеден су сауылдап ағады. Өзім бірінші топтағы мүгедекпін. 103 мың теңге зейнетақым дәрі-дәрмектен ауыспайды. Демікпем де бар, ауа жетпейді. Мұндағылардың көпшілігі – пәтер жалдап тұратындар. Көпбалалы, жалғызбасты аналар бар. Маскүнемдер бірігіп арақ ішеді, жиі төбелеседі. Кісі өлтіру де болды. Табиғи газ жоқ. Екі-үш рет газ баллоны өртенді. Әйтеуір ер адамдар сыртқа лақтырып, аман қалдық. Күнде иманымызды үйіріп, қорқып шығамыз, - дейді Г.Зейінова.

Оның сөзінше, қазіргі кезде жатақханада ПИК жоқ. Бұрын балалар ойнайтын жер болған екен, ол біреулердің меншігінде кеткен.

Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

- Құрылыс салушыларды шақырып, үш компаниямен сөйлесіп көрдік. Алайда олар күрделі жөнделгенмен, үш жылдан кейін қайта осы күйіне түседі деп, бас тартты. Жертөледе жылу желісін жамап-жасқап қосамыз, одан да су ағып тұр. Бәріне қаржы жинауға тура келеді. 350 мың теңгеге техникалық қорытынды жасатып, соған сәйкес апатты деп танылды. Бірақ мәселеміздің қашан шешілетіні белгісіз. Қазіргі кезде жер актісін жасатып келдік. Содан кейін басқа үй алсақ па деп армандаймыз, - деп қосты Г.Зейінова.

Төртінші қабатта бір бөлмеде тұратын Нұрлыбек Зұлпықаров та төбеден су кетіп, тастардың құлап жатқанын жоққа шығарған жоқ.

Орал қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің коммуналдық сектор меңгерушісі Е.Сәлімов «EmirStroy» ЖШС-нің 2025 жылғы 4 сәуірдегі техникалық қорытындысы негізінде аталған ғимараттың Орал қаласының апатты үйлер тізіміне енгізілгенін растады. Үйдің апатты екені ресми түрде танылған жағдайда тұрғындар «Жалғыз тұрғын үйі апатты деп танылған азаматтар» санаты бойынша тұрғын үй алу кезегіне тұра алады.

Облыс орталығында тұрғындар тұруға жарамсыз деп шағымданып отырған ғимараттың бірі – И.Ружейников көшесі 13-мекенжайында орналасқан ескі жатақхана. Оның да шатырынан су кеткен.

Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

Аталған бөлім мәліметіне қарағанда, кірпіштен салынған, бір кіреберістегі 65 пәтерлік үйге «Hasen B» ЖШС техникалық тексеру жүргізген. 2025 жылғы 24 ақпандағы қорытындыға сәйкес бұл ғимараттың кей бөліктері апат алдындағы, яғни төртінші санатқа жатқызылған.

Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

Қолданыстағы заңнамаға сай, тұрғын үй V санатқа (апатты) жатқызылған жағдайда ғана тұрғындар «Отбасы банк» арқылы тұрғын үй алу кезегіне тұра алады. Осыған байланысты тұрғындар мен мердігер ұйым арасында ғимараттың апаттылық деңгейін қайта қарау жөнінде тағы да сараптама жүргізу туралы келіссөз жүргізіліп жатыр.

- Орал қаласында шамамен 25 жатақхана бар, олардың көпшілігінің техникалық жағдайы қанағаттанарлықсыз (апат алдындағы деңгейде) және басқару формалары жоқ. Соңғы бес жылда біздің бөлімнің мамандары тұрғындармен кездесіп, «Нұрлы жер» бағдарламасына қатысу және үйдің жеке бөліктеріне жөндеу жүргізу бойынша түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде өткізіп келеді. Алайда тұрғындар белсенділігінің төмендігіне байланысты бұл шараларды іске асыру әзірге мүмкін болмай отыр. Көптеген ғимаратта жырықтар, іргетас шөгуі, қабырғалардың бұзылып, тірек конструкцияларының зақымданғаны байқалады, - деп қорытты Е.Сәлімов.

Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

Мәслихат депутаты не дейді?

Kazinform сауалына орай Орал қалалық мәслихатының депутаты Нұргүл Ашықова Құрманғазы көшесі 165-мекенжайында орналасқан жатақхананың жай-күйін білетінін жеткізді.

- Оралда мұндай жатақханалар көп. Алдағы аптадан бастап комиссия құрып, осындай проблемалық үйлер мәселесімен айналысайын деп жатырмыз. Оған қоса қала әкімдігіне, Орал қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөліміне депутаттық сауал жолдаймын. Осылайша, мүдделі ұйымдармен, тұрғындармен бірлесе отырып, мәселені шешу жолдарын қарастырамыз, - деді Н.Ашықова.

Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда тұрғындар жаңадан салынған үйге неліктен кіре алмай отырғанын жазған едік.

Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform