Жандарбек Бұлғақов пен Ұлан Рысқұл «Таза қала» жобасына қатысты

Фото: Фото: видеодан кадр

АСТАНА. KAZINFORM – Тұңғыш Қазақстан барысы Ұлан Рысқұл және айтыскер ақын Жандарбек Бұлғақов Президент Телерадиокешенінің «Таза қала» жобасының түсіріліміне қатысты. Бұл аптада «Таза қала» жобасы Талдықорған қаласынан кезекті шығарылым ұсынады.

Өңірдегі Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы, тұңғыш Қазақстан барысы Ұлан Рысқұл өңірдегі жұртшылықтың тазалық мәдениетіне бағасын берді. Болашақ чемпиондарды дайындап жүрген спортшы тәрбие тазалықтан басталатынын қаперден шығармайды. Жеңімпаз атану үшін өзіңе де, өзгенің еңбегіне де құрметпен қарау керек.

«Талдықорғанның тазалығын 10/10 ұпаймен бағалар едім. Балаларыммен кешкі серуенге саябақтарға жиі шығамыз, айнала жап-жасыл боп жатыр. Спорт кешендерінің көпшілігі Талдықорған қаласында орналасқан. Олардың айналасында екі апта сайын сенбілік жасаймыз, ағаштарды әктеп, арықтарды тазалаймыз. Көктем басталғалы көптеген іс-шара өткіздік», - деді Ұлан Рысқұл.

Айтыскер ақын Жандарбек Бұлғақов та – Жетісудің тумасы. Бағдарламаға арнайы сұхбат берген ақын жүргізушімен кішігірім айтыс өткізіп те үлгерді. 

Фото: видеодан кадр

«Арық мәселесі, жол мәселесі бізде ғана емес, барлық облыста кездеседі. Оның шешілуіне билік өкілдерін немесе басшыларды ғана жұмылдырып қоймай, тұтас ел болып атсалысуымыз керек», - дейді ақын.

Бағдарлама соңында Жандарбек Бұлғақов «Таза қала» бағдарламасы арқылы Қонаевтағы әріптесі Сырым Әуезханға эстафета жолдады.

Айта кетейік, түсірілім тобы Қазақстанның ірі және шағын қалаларына барады және әрқайсысының тазалығы мен көркі туралы әңгімелейді. Журналистер жергілікті тұрғындармен кездеседі, коммуналдық қызметтердің жұмысын көреді. Қоғамдық бірлестік өкілдерімен, аймақтың экологиялық өміріне белсенді қатысатын барлық еріктімен танысады.

Қалалар рейтингінде Талдықорған 19 ұпай алды және Алматы мен Қызылордадан кейін үшінші орынға тұрақтады. Бұған дейін Kazinform сайтында Шымкент (18 ұпай), Түркістан (18), Тараз (15), Қызылорда (20), Өскемен (11), Семей (14), Павлодар (17) және Алматы (25) қалаларының тазалығы жөнінде репортаждар сериясы жарияланған еді.

Айта кетейік, «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында телеграм-бот іске қосылды. Енді кез келген адам цифрлық жүйе арқылы құзырлы органға экологиялық арыз-шағымын жеткізе алады. Ол үшін боттың басты мәзірінен «өтініш жолдау» опциясын таңдап, мәселенің мән-жайын толық сипаттап жазып, қосымша фото немесе видео жүктеу керек. Хабарламаңыз жергілікті әкімшілікке жолданады. Артынша өтініш тіркелгені, қаралып жатқаны немесе орындалғаны туралы жауап келеді. Нәтижесінде шағымданушы орындалған жұмысты 5 балдық жүйемен және комментарий жазу арқылы бағалайды. Егер 3-тен төмен баға қойылса, мәселе тыңғылықты атқарылуы үшін әкімдікке қайта жолданады.