ОРАЛ. 14 қараша. ҚазАқпарат - Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде «Үздіктер мен белсенділер слеті - 2013» мерекесі мәреге жетті.
Салтанатты жиында университеттің бірінші проректоры Өтеген Таубаевтың атап өткеніндей, БҚАТУ республика ЖОО-лары рейтингісінде жиырмасыншы орынға тұрақтады. Бұл - 132 ЖОО ішіндегі жоғары көрсеткіш. Университетте 16 Президенттік, 3 атаулы шәкіртақы иегерлері білім алуда. Биылғы оқу жылында білім ордасының табалдырығын аттаған 1257 студенттің 487-сі - мемлекеттік грант иегерлері. Соның ішінде оннан астамы - ҰБТ-да 100-ден астам балл жинағандар.
Шарада барлығы 445 студент университет ректорының алғысхаты, арнайы төсбелгілермен марапатталды, ақшалай сыйлықтар да берілді. Жалпы, бұл мақсатқа 3,677 млн. теңге жұмсалды. ҚР Президенті Н.Назарбаев атындағы шәкіртақыға ие 16 студентке және А.Чаянов, Е.Еламанов, К.Скрябин атындағы шәкіртақы иегерлеріне арнайы сертификаттар тапсырылса, ғылыми-зерттеу жұмыстар байқауының 7 жеңімпазы ҚР Білім және ғылым министрлігінің дипломдарына қол жеткізді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).