Жаңғырық: Президент ТРК қиындыққа мойымаған жанның қилы тағдыры туралы фильм түсірді
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Президентінің телерадиокешені түсірген «Жаңғырық» вертикалды фильмі көрерменге жол тартты. Туынды «Қанаттылар» театрының актрисасы, қайсар жан Гүлнардың тағдыры жайында сыр шертеді.
Айта кетерлігі, бұл – елімізде вертикалды форматта түсірілген екінші деректі фильм. Алғашқысы семейлік палуан қыз Зарина Сарипованың спорттық жолына арналған еді.
- Астанада «Дүниежүзілік көшпенділер ойыны» өткен кезде Зарина Сарипова қарындасымыз туралы «Палуан қыз» деген деректі фильмді алғаш рет вертикалды форматта түсірген едік. Семейге арнайы барып, палуан қыздың «Көшпенділер ойынына» дайындығынан бастап, чемпион болғанына дейінгі спорттағы жолын таспаладық. Вертикалды фильмдер халыққа өтімді, яғни сұраныс жоғары бола бастады, - дейді ҚР Президенті телерадиокешені Деректі кино орталығының бас продюсері Әділбек Құламан.
Деректі кино орталығы Президенттің бастамаларына, өңірлерге, шетелдерге сапарларына басымдық береді. Сондай-ақ Мемлекет басшысының мүгедектігі бар жандардың құқықтарын қорғау және өмір сапасын жақсарту, «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында қарапайым еңбек адамдарына айрықша назар аудар туралы тапсырмаларын ескере отырып, мұндай жандарды қоғамға таныстыру ісіне де көңіл бөледі.
«Жаңғырық» деректі фильмінің режиссері Бақтияр Қанафин кейіпкерінің – Гүлнар сынды адамдардың қоғамнан оқшауланып қалатынын айтады.
- Кейіпкерді бұрыннан танитынмын. Құлағы нашар еститін адамның театрда актриса болуы қатты қызықтырды. Сондықтан қойылымдарына барып тамашалап, кейіпкерге тағдыры жайлы деректі фильм түсіруге ұсыныс жасадым. Ол бірден келісті. Алайда, оның ата-анасы бастапқыда қарсылық танытты. Бірақ, түптеп келгенде түсірілімге келісімін берді, - деді ол.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылдың наурыз айында Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында аймақтық театрлардың жай-күйі туралы мәселе көтеріп, жергілікті бизнес өкілдерін театрларға қолдау көрсетуге шақырған еді. Ал «Жаңғырық» деректі фильмінің кейіпкері – елордадағы «Қанаттылар» театрының актрисасы.
- Түсірілім барысында Гүлнардың отбасындағы 5 баланың бірі екенін, әпкесі екеуі құлақтарында мүкістік болғаннан кейін аппаратпен ғана еститінін білдік. Анасымен сұхбат барысында ол қыздарының туған кезде құлақтарының мүкісі бар екенін білмегенін айтады. Қыздар 4-5 жасқа келгенде ғана аңғарыпты, - деді Бақтияр Қанаев.
Гүлнардың ата-анасы қыздарының саңырау екендігін туа біткенде біліп, тілі шыққанда бірден аппарат кигізгенде, адамдармен емін-еркін сөйлесіп жүрер ме еді. Ол қазір ата-анасымен, дос-жаранымен, әріптестерімен сөйлескенімен, бейтаныс адамдармен тілдесуге ыңғайсызданады. Олармен ымдап сөйлесуге тырысады.
- Саңырау жандар істей алатын жұмыс түрі санаулы-ақ. Жігіттер жиһаз құрастыру, көлік жөндеу, аяқ киім тігу ісімен ғана айналысса, қыздар тігінші сияқты мамандыққа барады. Ал Гүлнар кішкентайынан модель, актриса болуды армандаған. Сол арманына біртіндеп қол жеткізіп келеді. Енді тігіншілік өнерін дамытып, сол киімдерін киіп, сән үлгілерін көрсетпек ниетте. Сол жолда табанды еңбек етіп жүр. Ол – ұяң, тұйық. Бірақ, алдына қойған арманына жетуге деген құлшынысы, табандылығы таңқаларлық, - дейді Әділбек Қазбекұлы.
Деректі кино орталығы алдағы уақытта да еңбек адамдары, тағдыры ерекше жандар сияқты кейіпкерлер жайлы түсірілімдерін жалғастырады.
«Жаңғырық» деректі фильмін мына сілтеме арқылы көре аласыздар.