Жаңғырту - қоғам дамуының басты өзегі - Т.Рысқалиев, философия ғылымдарының докторы, профессор

ОРАЛ. 28 қараша. ҚазАқпарат - Елбасы Жолдауынан, сондай-ақ Ұлт Көшбасшысының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» мақаласында айтылған жаңғырту мен еңбекке байланысты өз ой-толғамын батысқазақстандық ғалым, философия ғылымдарының докторы, профессор Тілекжан Рысқалиев былайша білдірді.

-«Модернизация» француз тілінде «moderne» - «қазіргі», ағылшын тілінде - «modernization» - жаңарту, жаңғырту, қоғамды, экономиканы, әлеуметтік саланы қазіргі заман талабына сай жаңғырту деген ұғымды білдіреді. Бұл ұғым «өркениет» ұғымымен бірге әдебиетте ХVІІ ғасырдан бері қолданылып келеді, дейді философ-ғалым.

Еуропада ХVІІІ ғасырдан бастап қоғамда жаңғыртуға тән оңды өзгерістер орын алды: ғылым мен техника жаңалықтары материалдық өндіріске ене бастады, құқықтық, азаматтық қоғамның қалыптасуына алғышарттар пайда болды, бірқатар елдерде капиталистік қатынастар орныға бастады.

Жаңғыртуды әркім әр түрлі түсінеді. Дамыған елдерде модернизация деп ғылымдағы, техника мен технология саласындағы жаңалықтарды, соның арқасында қоғамның алдыңғы орында келе жатқанын айтады. Ал даму жолына кейін түскен елдерде модернизация деп дамудың әлемдік деңгейіне жетуді айтады. Қазақстан, мысалы, алдағы он шақты жылда бәсекелестікке қабілетті 50 елдің қатарына кіруді көздейді. Қытай ХХІ ғасырдың аяғына таман дамыған 10 елдің қатарына қосылуды алдына мақсат етіп қойды. Олар бұл мақсатқа асықпай жеткісі келеді.

Қарапайым адамдар үшін жаңғырту - өмірдің әр саласындағы жетістіктер, қоғамның алға жылжуы.

Жаңғыртудың кең тараған түсінігі - адамдардың тұрмыс деңгейінің өсуі, әл-ауқатының артуы, қоғамдағы экономикалық жетістіктер.

Бірақ жаңғыртуды осы тұрғыда түсіну жеткіліксіз. Айталық, елімізде бірнеше жыл бойы ішкі жалпы өнімнің өсімі 6-7%-ды құрап отыр. Айтарлықтай көрсеткіш қой. Бірақ бізде әлеуметтік жаңғырту жобасы қазір ғана қолға алынып жатыр. Жаңғырту кезінде қоғамда, әсіресе, адам өмірінде түбірлі өзгерістер болуы керек. Елбасы алдымызға осындай мақсат қойып отыр.

Ғалымның пайымдауынша, жаңғырту дегеніміз - қоғам және адам өмірінің сапалы түрде өзгеруі. Жаңғыртудың нәтижесінде қоғам да, адам да ешнәрсеге алаңдамай, өздігінен, өз күшімен өмір сүретін және дамитын дәрежеге жетеді. Бұл - қоғам да, адам да аяғынан тік тұрды деген сөз. Бұл деңгейге қалай жетуге болады? Шикізатты шетелге шығару, мұнайды, газды, көмірді, уранды көп өндіріп, жан-жаққа сату арқылы ма? Кейінгі ұрпаққа сонда не қалады? Болмаса, жер-жерден инвестиция тартып, қарызға белшемізден бату арқылы ма? Қазірдің өзінде Қазақстанның шетелдерге қарызы 123 млрд. долларға жетті. Яғни әрбір қазақстандықтың (бесіктегі сәбиге дейін) 7 мың доллардан астам қарызы бар деген сөз.

«Бұл жолмен, - дейді Президент, - біз дамыған елдердің қатарына қосыла алмаймыз. Жаңғыртудың ең тиімді жолы - еңбек, өндіріс, еңбекті ұлттық факторға айналдыру».

Жалпыға ортақ еңбек қоғамы деген идеяны Н.Назарбаев дамыған елдерде жарты ғасырдан астам үстемдік құрып келе жатқан «тұтынушылық қоғам» идеясына балама ретінде ұсынып отыр. Жұрттың бәрі тек тұтынуды қаласа, сол тұтынуға керек заттарды кім өндіреді? Тұтынушылық психологиясының мәнісі - адам өмір сүруге және еңбек етуге қажетті игіліктерді місе тұтпай, тапқанынан тыс игіліктерді қажет етеді. Былайша айтқанда, қомағайлыққа салынады. Анаған да, мынаған да ие болғысы келеді. Біреуден бір нәрсені көреді де, соған қызығып, соны алғанша асығады. Мұндай жағдайда, сөз жоқ, жетіспеушілік орын алады. Қазақта «дәніккеннен құныққан жаман» деген сөз бар. Құныққанның өзі тойса да, көзі тоймайды. Абай: «Әсемпаз болма әрнеге, Өнерпаз болсаң арқалан..» дейді.

Адам не үшін өмір сүреді? Ішіп-жеу үшін, заттарды иемдену үшін бе? Жоқ. Материалдық игіліктер адамға адам болып өмір сүріп, адамдық парыздарын атқару үшін керек. «Болу ма әлде болмау ма?» деген Гамлеттен келе жатқан сұрақ бар. Қазіргі мәселені басқаша қоюға тура келеді: «Болу ма әлде иемдену ме?» Адам болып қалу ма әлде пендешілікке салынып, затқа ие болу ма?

«Тұтыну идеологиясының, деп атап көрсетті Елбасы өзінің мақаласында, «бүлдіруші болғанына бүгін бүкіл әлем көз жеткізіп отыр. Ол әлемнің дамыған елдерінде жаппай әлеуметтік масылдық туындатты және жаһандық дағдарыстың басты себебі болып табылады». Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің журналист Сауытбек Абдрахмановқа берген сұхбатында бұл мәселенің екінші жағына баса назар аударады: бүкіл әлемде еңбектің, еңбек болғанда - нақты материалдық немесе рухани игілік өндіретін еңбектің рөлі төмендетіліп бара жатқаны, еңбек адамының беделі төмендегені.

Қазақ даналығы әрқашан еңбекті тіршілік көзі деп бағалаған. «Еңбекке икемді болсаң, еліңе сүйкімді боласың» дейді қазақ. «Еңбегімен ел көгерер, жаңбырменен жер көгерер», «Еңбек етсең емерсің», «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген қағидаларды қазақ атам заманынан ұрпаққа өсиет еткен. «Еңбектің наны тәтті, жалқаудың жаны тәтті» деп те айтады. «Еңбек етпеген ішім-жемге жарымайды, еңбектенген ішім-жемнен тарылмайды» деген де өнегелі сөз бар. Ал хакім Абай: «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын» деп жалқауларға, жатыпішерлерге қатаң ескерту жасағаны белгілі. Кеңес заманында еңбектен ат-тонын ала қашатын адамды «тунеядец» - арамтамақ деп атап, жауапқа тартатын еді. Солай талап қою қазір де орынды болар еді.

Еңбек адамның сана-сезімін, ар-намысын, рухын оятады. Еңбек адамды өсіреді, жетілдіреді. Еңбек етпеу, «әзір асқа тік қасық» болып, масылдыққа салыну, керісінше, адамды аздырады, оның тұлғалық қасиеттерін - еркіндігін, дербестігін, қабілетін жояды. Сөйтіп, адам басқаға, ақшаға, заттарға тәуелді болады.

Философияда адамның затқа тәуелді болуы, затқа айналуы жөнінде «вещизм», «овеществление», «товарный фетишизм» деген ұғымдар бар. Кейде адамды адамшылығына емес, байлығына, иелігіндегі дүниелерге қарап бағалау кездеседі. Фетишизм деген - осы.

Қоғамда, қоғамдық санада еңбек дұрыс бағаланбаса, онда Маркс айтқан еңбектің жатсынуы (отчуждение труда) орын алады. Сол жағдай бүгінде қайталанып отыр.

Бүгінгі күні Елбасы еңбектің мәніне терең үңіліп, түйсігі бар адамдарға ой салар тұжырым жасайды: «Әлемнің әміршісі - еңбек, тек еңбекпен ғана жеміс өнбек, тек еңбек қана бар қиындықты жеңбек». Қазақтың «Бейнетсіз - зейнет жоқ» деген сөзін де Елбасы есімізге салып отыр.

Жаңғырту жөнінде Нұрсұлтан Назарбаев көптен бері айтып келеді. Экономикалық жаңғыртумен біз шектеліп қала алмаймыз. Экономиканы жолға қою біз үшін қоғамда қордаланған әлеуметтік мәселелерді еңсеру үшін керек, яғни халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін керек. Сондықтан экономикалық жаңғыртуды әлеуметтік жаңғыртумен ұштастыру керек, - дейді Президент. Өзінің биылғы халыққа жолдауын «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» деп атағанын білесіздер.

Қазақстан Президенті үкіметтің алдына бірімен-бірі байланысты, бірінен-бірі туындайтын үш міндет қойып отыр: 1. Индустрияландыру; 2. Өңірлердің теңгерімді дамуы; 3. Әлеуметтік жаңғырту.

Биылғы 10 шілдеде Елбасы өзінің «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» деген бағдарламалық мақаласын жариялады. Бұдан біз Елбасының әлеуметтік мәселелерді үнемі назарында ұстап отырғанын аңғарамыз.

Еліміздің Ата Заңында Қазақстан әлеуметтік мемлекет болады деп жазылған. Осы анықтама бірте-бірте жүзеге асып келеді.

Аталған мақаласында Президент: «Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда әлеуметтік мемлекеттің берік іргетасы қаланды», - деп атап көрсетеді. Сонымен, әлеуметтік жаңғырту Қазақстанның Конституциялық саясатының басым бағыты деуге әбден болады.

Жаңғыртуды ойдағыдай жүзеге асырған елдердің тәжірибесін біз білеміз. Бұлар соғыстан кейінгі Германия мен Жапония. Қалай олар он шақты жылда соғыста жеңілген елдің төменшіктеуінен арылып, ар-намысты, рухты арқау етіп, экономикада, әлеуметтік салада, техника мен технологияда суырылып алға шықты. Қалай дамыған елдердің қатарына қосылды? Қалайша? Ерен еңбектің арқасында, еңбекті бетке ұстар ұлттық идеяға айналдыру арқылы. Қазіргі Германия мен Жапонияны ешкім дүниежүзілік соғыста тас талқан болып жеңілген ел деп айта алмайды.

Жаңғыртуды ойдағыдай жүзеге асырып келе жатқан тағы бір ел - Қытай. ХХ ғасырдың ортасында Қытайда жан басына шаққанда әрбір адамды бір кесе күрішпен қамтамасыз ету деген ұран болып еді. Біз аға ұрпақ бұған куәміз. Қазір Қытай күрішпен өзін ғана емес, көптеген көршілес елдерді де қамтамасыз етіп отыр. Алматыда тек Қытай күріші сатылады.

Қытайда жаңғырту саяси реформалар арқылы емес, шаруашылық саласындағы, адамдардың тұрмысындағы оңтайлы өзгерістер арқылы жүзеге асып келеді. Қытайлықтардың тұрмысы айтарлықтай өзгерген. Бір мысал келтірейік. Жақында қытайлықтар «Эйпл» фирмасының айфонына дүенде күндіз-түні кезекте тұрып, ала алмағасын қатты наразылық білдірген. Бұл туралы теледидарда хабар болды. Дүкеншілер қалың топтың тегеурінен қорқып, дүкенді ашпаған екен. Қытайдағы өзгерістерді сипаттайтын екі түрлі метафора бар және екеуі де дұрыс: Қытай тұңғыш рет сүт ішетін болды. Бір кезде Ұлттық баскетболдық лиганың (NBA) ең биік шабуылшысы - Яо Минг болды. Яғни Қытай жігіті. Бұрын-соңды болмаған нәрселер.

Қытайлықтар да еңбекқорлығымен, ұқыптылығымен, шыдамдылығымен, ауызбірлігімен ерекшеленеді.

Бір кездегі ең артта қалған елдер - Сингапур мен Малайзия қазір қай жағынан да ең дамыған елдердің қатарында. Бұл елдерде жемқорлық пен парақорлық дегенді білмейді. Үйлерінің, машиналарының есігі жабылмайды. Қауіпсіздік мәселесі жақсы жолға қойылған. Сингапур да, Малайзия да жаңғыртуды ойдағыдай жүзеге асырды. Мына жәйтті атап өткен дұрыс: мамандар да, сарапшылар да бір кезде Сингапур мен Малайзия лидерлерінің жаңғырту туралы идеяларын, жоспарларын жүзеге аспайтын утопия деп қабылдаған. Өйткені олардың жобалары тым асыра сілтеу сияқты болып көрінді. Бірақ 20-30 жылда олар ұсынған жобалар ойдағыдай жүзеге асты. Сингапур да, Малайзия да, ең алдымен, экономикаға баса көңіл бөлді. Саясат туралы әңгіме болған жоқ. Көшбасшылары артына бүкіл халықты ерте білді. Реформаларды рет-ретімен, кезек-кезегімен жүзеге асырды. Бірден бәрін бастап кеткен жоқ.

Аталған елдердегі жағдай біздің елдегі жағдайға ұқсас болып шықты. Біз де Кеңес Одағы күйреген кезде экономикасы мешеу, өндірісі тұралап қалған ел едік. Нұрсұлтан Әбішұлы Сингапур мен Малайзияға бірден назар аударып, олардың елді реформалау бағытындағы тәжірибесімен жақынырақ танысты. Сол елдерде болды. Олардың басшыларын Қазақстанға шақырып, еліміздің бизнес өкілдерімен, сала басшыларымен кездесулер ұйымдастырды. Ли Куан Ю елімізге бірнеше рет келді.

Бізде де сол елдердегідей Елбасының нұсқауымен саясатқа емес, экономикаға баса көңіл бөлінді. Біз де Елбасының «Қазақстан - 2030» стратегиясында, жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауларында батыл жобалар қабылдап, жүзеге асыра бастадық. Сөйтіп, аз уақыттың ішінде жаңа Қазақстан қалыптасты, бүкіл әлемге танылды.

Іште де, сыртта да алғашқыда біздің жоспарларымызды утопия деп танып, сенімсіздік білдіргендер болды. Бірақ біз ойға алған жоспарларды іске асыра білдік.

Қазіргі алда тұрған міндет - елімізді Жалпыға ортақ еңбек қоғамына айналдыру. Елдегі масылдықты, мемлекеттен көмек сұрап, қол қусырып қарап отыруды жою. Қайда болса да, қандай болса да жұмыс тауып, аянбай еңбек ету. Адамдарды әлеуметтік инфантилизмнен арылту.

«Инфантилизм» латын тілінде балалықты, шалалықты аңғартады.

-Инфантилизм, - дейді Елбасы, - бала күнге тән белгілердің есейгенде де сақталып қала беруі. Қазақша, қарапайым тілмен айтар болсақ, әлеуметтік инфантилизм деген - адамның өз қара басын, өзінің отбасын алып жүре алмауы. Адамның қоғам үшін, ата-ана үшін масыл болуы. Өзінің өміріне өзі жауапты бола алмауы. «Болар бала он бесінде бас болар, болмас бала қырқында да жас болар» деген біздің қазақ. «Отызында орда бұзбаған, қырқында қамал алмайды» деп тағы айтады.

Елбасы аталған мақаласында ата-аналардың, мектептегі, жоғары оқу орындарындағы ұстаздардың алдына оқу-тәрбие жұмысын жаңаша жүргізуді міндеттеп отыр. «Бүгінгі таңда, - деп атап көрсетеді Елбасы, - оқу-тәрбие үдерісін түбірінен өзгерту маңызды». Оқумен, оқытумен бірге тәрбие жұмысын жүйелі, табанды жүргізу міндеті қойылды. Тәрбие жұмысында басты нысана - жастардың оқуға, білімге, еңбекке ынтасын қалыптастыру. Өзі қаламаса, адамды зорлап, мәжбүрлеп білімге, еңбекке құштар ете алмайсын.

Мектеп оқушыларының, студенттердің басты еңбегі, әрине, оқу. - Елдегі білім беру жүйесін жаңғыртудың басты бағыты - оқу-тәрбие үдерісін жаңғырту, - дейді Елбасы. Оқу мен тәрбие - егіз, үнемі қатар жүзеге асуы керек. Кредиттік оқу деп, тездетілген оқу деп кейде тәрбие жұмысына жете көңіл бөлінбейді. Мұның зардабы зор болады. «Отбасында балаларымыздың, мектептерде шәкірттердің, жоғары оқу орындарында студенттеріміздің, кәсіпорындарда, мекемелерде жас мамандарымыздың ерте есеюін, өзінің қамын, отбасының қамын, ата-анасының қамын, мемлекеттің қамын о бастан ойлайтындай болып өсуін қатты құнттауымыз керек», - дейді Президент. Адамның жауапкершілікті сезінетін азамат ретінде жастай қалыптасуы өте маңызды. Әсіресе, кәмелет жасына толғаннан кейін де ата-ананың қолына қарай беретін әдеттен арылту керек болады. Баланы жастай еңбекке, еңбекқорлыққа баулу ісін қолға алу керек.

Елбасының мақаласы парасатты, тағылымдық ойларға толы. «Егемен Қазақстан» газеті ұжымының президенті С.Абдрахмановпен болған әңгімеде Нұрсұлтан Әбішұлы мақаласындағы кейбір ойларын, идеяларын тарқатып, аша түседі.

-Біз әлеуметтік жаңғырту саясатын қолға алудамыз, - дейді Елбасы. Ол саясаттың негізіне шынайы өндірістік еңбек алынуға тиіс. Елбасының Жалпыға ортақ еңбек қоғамын құруға шақыратыны сондықтан. Ол өз мақаласында еңбекті шешуші ұлттық фактор деп атайды. Мысалы, Қытайда еңбек ұлттық факторға айналған. Тәлім-тәрбие жұмысы үйде, мектепте, университеттерде дұрыс жолға қойылса, бізде де еңбек дұрыс бағаланар еді.

Адал еңбектің қай түрі де киелі, адамды марқайтады, жетілдіреді. Елбасы: «Жалған намысты қою керек», - дейді. Қазақтың көптеген ұл-қызы осы жалған намыстан көптеген мамандықтарға жоламай жүр. Таксист болғысы келмейді. Официант болғысы келмейді. Шаштараз болғысы келмейді. Етікші, болмаса дүкенші болғысы келмейді. Бұлардың бәрі - өнер. Біреуге қызмет көрсетуге ұялады қазақтар. Ұлы Абай: «Есектің артын жусаң да, мал тап» дейді. Қазіргі таңда механизатор, мал дәрігері, агроном сияқты мамандықтарды жұрт көзге де ілмейді. Бұлардың өмірге қажеті шамалы сияқты.

-Жаман жұмыс болмайды, - дейді Елбасы. Жаман жұмысшы болады. Жаман мамандық болмайды. Жаман маман болады. Өзіңнің көңілің қалаған, қолыңнан келетін, бала-шағаңды бағып-қағуға, өмірден өз орныңды табуға мүмкіндік беретін жұмыстың бәрі жақсы. Бәрі адамның өзіне байланысты.

Қоршаған дүниедегі игіліктер дің бәрі тек еңбектің арқасында пайда болған. Қол еңбегі, ой еңбегі, шығармашылық еңбек. Бәрі де тек еңбектің арқасында. Ақша өздігінен игілік болмайды.

«Философияда «қажеттілік» деген ұғым бар. Фалес деген грек философынан шәкірттері «Ең күшті нәрсе не?» - деп сұрайды. Сонда Фалес: "Қажеттілік" деп жауап береді. Өйткені қажеттілік болмай қалмайды. Материалдық қажеттілік, рухани қажеттілік, физиологиялық қажеттілік дегендер бар. Адамға ауамен тыныстау - қажеттілік. Адамға адамдармен қарым-қатынас жасау - қажеттілік. «Адам күні адаммен» дейді қазақ. Сол сияқты оқу да, үйрену де, еңбек ету де, қимылдау да - қажеттілік. Адамға адам болып өмір сүру үшін еңбек ету - ауадай қажеттілік», деп түйіндеді ойын Т.Рысқалиев.