НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Дүниежүзілік бокс ұйымының (WBO) орта салмақта толыққанды әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы (12-0, 8 КО) дивизиондағы басты қарсыласы, Бүкіләлемдік бокс кеңесі (WBC) белдігінің иегері Джермаллу Чарлоны (32-0, 22 КО) жекпе-жекке шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жәнібек Әлімханұлы Дүниежүзілік бокс ұйымының (WBO) орта салмақта толыққанды әлем чемпионы атанды. Титулдың бұрынғы иегері Деметриус Андраде Жәнібек Әлімханұлына қарсы жекпе-жекте титулды қорғаудан бас тартты .
Ол енді АҚШ боксшысы Джермаллу Чарломен шаршы алаңда шеберлік байқасып көруге ниет танытып отыр.
«Мен WBC нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағын алу үшін Чарломен жекпе-жекке шығуды қалаймын. Бұл өте жеңіл жұмыс болады. Мен «Жеңіл жұмыс болады» деп айтсам, солай болатынын бәрі жақсы біледі», - деді ол твиттерде.
Айта кетсек, өткен жекпе- жекте британиялық Дэнни Дигнумды (14-1-1, 8 КО).екінші раундта нокаутқа жіберген болатын.
Фото: sports.kz
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.