Жәнібек Әлімханұлы болашағы зор боксшы - Нельсон Лопес

АСТАНА. ҚазАқпарат - Кәсіпқой боксшы Қанат Исламның промоутері Нельсон Лопес Жәнібек Әлімханұлының дайындығы кем түспесе, алдағы 4-5 жылда «жұлдызды» боксшылардың қатарынан көрінетінін мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Менің ойымша, Жәнібек Әлімханұлы қателікке бой алдырмайтын боксшы. Биік дәрежеге жетуге дайын. Ең бастысы өзін-өзі дамытуға уақыты бар», - дейді Нельсон Лопес.

Бұған дейін Жәнібектің 9 қыркүйекте бразилиялық Кармелито де Жезуспен қолғап түйістіретіні белгілі болған еді. Бразилиялық боксшы кәсіпқой рингте 23 кездесу өткізіп, 18-інде жеңіске жеткен. Сондай-ақ ол 15 жекпе-жегінде уақытынан бұрын жеңіске жетіп, 5 кездесуде жеңілген.

Соңғы жекпе-жекте жарақат алып қалған Жәнібектің алдағы кездесуге сақ болуы керек пе деген сұраққа Нельсон Лопес бәрі ойдағыдай болатындығын айтты.

«Жоқ. Уайымдаудың еш ретін көріп тұрған жоқпын. Дайындығын байқадым. Ешқандай мәселе көріп тұрған жоқпын», - деді промоутер.

Еске сала кетсек, 9 қыркүйекте Астанадағы «Сарыарқа» велотрегінде Қанат Ислам канадалық Брэндон Кукпен қолғап түйістірмек. Кездесудің андеркартында Жәнібек Әлімханұлы (1-0, 1КО) кәсіпқой бокстағы екінші кездесуін өткізеді.