АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы WBO нұсқасы бойынша орта салмақта әлем чемпионы атағын қорғағаннан кейін пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
АҚШ-тың Лас Вегас қаласында өткен жекпе-жекте Жәнібек Әлімханұлы (12-0, 8 КО) британиялық Дензел Бентлимен (17-1-1, 14 КО) қолғап түйістірді.
Он екі раундқа созылған жекпе-жекте төрешілер шешімімен жеңіс Жәнібек Әлімханұлына берілді.
«Бұл бокс. Шаршы алаңға боксшылар 100% дайындықпен келеді. Қарсыласың да сондай әзірлікте болады. Мен Бентлиге құрметпен қараймын. Оның дайындығына ешқандай күмәнданған жоқпын. Бұл - менің 12 раундқа созылған алғашқы жекпе-жегім. Әлі көп жұмыс жасауым керек. Қателіктерді қайталамау үшін еңбектенемін» - деді Жәнібек Әлімханұлы жекпе-жектен кейінгі сұхбатында.
Жәнібек Әлімханұлы 1993 жылы 1 сәуірде дүниеге келген. Әуесқой бокста 2013 жылы әлем және Азия чемпионы атанса, 2014 жылы Азия ойындарында жеңімпаз болды.
2016 жылдан бері кәсіпқой бокста сынға түсіп жүр.
Фото: sports.kz
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.