Жәнібек Әлімханұлының бапкері боксшының алдағы жоспары туралы айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат - WBO нұсқасы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлының бапкері Джеймс «Бадди» Макгирт қазақстандық боксшының британдық Дензел Бентлимен өткізген кездесуінен кейінгі жоспары жайлы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат, Sports.kz сілтемемен.

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы (13-0, 8 КО) британиялық Дензел Бентлиді (17-2-1, 14 КО) жеңіп, әлем чемпионы атағын қорғаған болатын.

«Бір аптадан кейін Жәнібекпен телефон арқылы хабарласамыз деп ойлаймын. Ол алғаш рет осындай күрделі жекпе-жек өткізді. Сондықтан мен оған өз шаруаларын ретке келтіруге уақыт беремін. Оның үйіне барып келгенін қалаймын. Ол төрт ай бойы отбасын көрмеді. Сол себепті, үйге барып, уақытын жақсы өткізіп қайтсын. Келесі жылы оралғанда қазір тоқтаған жерімізден жалғастырамыз. Ол ақпанда не наурызда қайта оралғанын қалар едім. Мен ескі мектептің өкілімін», - деді Макгирт.

Фото: Mikey Williams/Top Rank Inc via Getty Images