Жәнібек ауданында екі бірдей елді мекенге газ жеткізілді - БҚО
18:44, 29 Желтоқсан 2013
ОРАЛ. 29 желтоқсан. ҚазАқпарат - Жаңа жыл қарсаңында Жәнібек ауданы Күйгенкөл ауылдық округіне қарасты Құрсай және Көлтабан елді мекендерінде «көгілдір отын» жағу рәсімі болды.
Құрсайлықтарды аудан әкімі Мұрат Мұқаев құттықтап, Елбасы мен Үкімет тарапынан жасалып отырған көмек-қолдау нәтижесінде осындай шағын ауылдарға да газ жеткізіліп отырғанын атап өтті. Содан кейін ол Құрсай елді мекенінің тұрғыны Серікқали Жұбанышевпен бірге «көгілдір отын» алауын тұтатты.
Қос елді мекенде ауылішілік құбыр тарту жұмысын «Символ» ЖШС (директоры Есқайыр Елемесов) орындады. Серіктестік бұл ретте ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайына түсіністікпен қарап, өз қаражатын да жұмсаған. Тұрғындардың кейбірі қазір малмен де есептесуде.
Күйгенкөл ауылдық округінің әкімі Роберт Биғалиевтің айтуынша, Құрсайдағы дәрігерлік пунктке газ құбыры тартылды. Енді осындағы бастауыш мектепке де жеткізілмек.