Жанқожа батырға тиесілі қылыштың көшірмесі туған жеріндегі музейге қойылды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қазақтың даңқты батыры, қолбасшы Жанқожа Нұрмұхамедұлының көзі тірісінде қолданған қылышы туған өңірі Қызылорда облысының Қазалы ауданына әкелінді. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қылыштың түпнұсқасы Ұлттық музей қорында сақтаулы тұр. Тарихи құнды жәдігердің көшірмесін баба ұрпақтары арнайы жасатқан. Аудандық Руханият орталығындағы музейге оны батыр бабаның ұрпағы Алғашбай Байкөбеков табыс етті.
Батырдың қылышы алдымен украиналық іздеуші мамандардың қолына түскен. Кейін Ресейде арнайы сараптамадан өткізіліп, оны Қазақстан азаматтары сатып алып, Ұлттық музейге табыстаған. Қылышты Жанқожа Нұрмұхамедұлына Кенесары хан сыйға тартқан деген дерек бар. Батыр оны жауға қарсы шайқаста қолданған.
Жәдігердің екі жағында арабша жазу бар. Бірінде «Жанқожа Нұрмұхамедұлы баһадүрге саурат (сыйлық)», екіншісінде «Созақ, 1845 жыл» деп жазылған.
Бұған дейін біз екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаев тұтынған заттар Қызылорда облысының Шиелі ауданындағы өзімен аттас ауылдағы музейде сақтаулы тұрғанын жазғанбыз.