Жанкүйерлерден қолдау күтемін – боксшы Дулат Бекбауов
17:18, 06 Мамыр 2023
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат – Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатының алтыншы жарыс күнінде жеңіске жеткен Дулат Бекбауов (67 келі) жекпе-жегі жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
6 мамырда 1/16 финалда Дулат Бекбауов (67 келі) румыниялық Андрей Мустетті жеңіп, жарыстың алдағы сатысына шықты.
«Әлем чемпионатындағы алғашқы кездесуімде жеңіске жеткеніме қуаныштымын. Босаңсуға болмайды. Алдағы жекпе-жекке дайындықты бастаймын. Барша жанкүйерлер қолдауын күтемін», - деді ол.
Сондай-ақ бүгін ұлттық құрама капитаны Асланбек Шымбергенов (71 келі) 1/16 финалда Тринидад және Тобаго елінен келген Аарон Принспен қолғап түйістіреді.
Айта кетсек, әлем чемпионатында ел құрамасынан Талғат Сырымбетов (60 келі), Санатәли Төлтаев (63,5 келі) және Айбек Оралбай (92 келі) жарыс жолынан шығып қалды.