НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – УЕФА тарапынан Қазақстан футбол федерациясына 19 250 еуро көлемінде айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мұндай айыпқа Қазақстан футбол федерациясы Ұлттар лигасы аясында Молдовамен биыл 29 наурызда өткен ойын кезінде жанкүйерлердің трибунадан зат лақтырып, алаңға жүгіріп шыққаны үшін ілігіп отыр.
Осыған орай Қазақстан футбол федерациясы жанкүйерлердің қолдауына алғысын білдіре отырып, Ұлттар лигасында 3 маусым күні елордада «Астана Аренада» Әзербайжан құрамасымен өтетін матч қарсаңында үндеу жариялады.
«Мұндай әрекеттер жалғасатын болса, УЕФА ұлттық құраманың ойындарына одан да қатаң талап қоюы ықтимал. Мәселен, ұлттық құраманың матчтарына жанкүйерлерді қатыстырмау туралы шешім шығаруы мүмкін. Сол себепті алдағы ойындарда қолдаудың жоғары әрі мәдениетті деңгейін көрсетуге шақырамыз.Түсіністік танытқан әр жанкүйерге ыстық ықыласымызды білдіріп, ұлттық құраманы әрқашан қолдайды үміттенеміз» делінген онда.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).