Жансая Әбдімәлік Әлем чемпионатындағы басты қарсыластарын атады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның намысын қорғайтын қыздар құрамасының көшбасшысы Жансая Әбдімәлік Астанада шахматтан басталатын командалық Әлем чемпионатындағы басты қарсыластарын атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің басты қарсыластарымыз - Украина, Қытай және Ресей деп есептеймін. Қалған қарсыластарымызбен өтетін ойында мүмкіндіктеріміз жақсы. Ең бастысы, бәріміз жұдырықтай жұмылып ойнайтын болсақ, сәттілік бізде болмақ», - деді Жансая Әбдімәлік Астанада өткен баспасөз мәслихатында.

Қазақстан шахмат федерациясының вице-президенті Жандос Әбішевтің айтуына қарағанда, ерлер мен қыздар командасының айтарлықтай мүмкіндіктері бар.

«Егер қыздарымыз бар күш-жігерін салып, шығармашылық нәтиже көрсететін болса, мұның өзі айтарлықтай жетістік. Қыздар құрамасы үшін бестікке ену - үздік нәтиже болар еді. Ерлер құрамасы қазіргі уақытта тоғызыншы орында тұрғанын ескерсек, 7, 8 немесе 9-шы орын ерлер үшін жақсы нәтиже болады», - дейді Жандос Әбішев.

Еске сала кетсек, шахматтан командалық әлем чемпионаты алғаш рет Қазақстанда өткелі отыр. Бүгін Астанада жарыстың салтанатты ашылу рәсімі өтпек. Алғашқы кезең ойындары ертең, наурыздың 5-і күні басталады. Қазақстан құрамасы сапында Жансая Әбдімәлік, Динара Сәдуақасова, Бибісара Асаубаева, Гүлісхан Нахбаева, Гүлмира Дәулетова, Ринат Жұмабаев, Муртас Кажгалиев, Ануар Исмагамбетов, Денис Махнев пен Петр Костенколар өнер көрсетеді.

ЭКСПО аумағындағы «Астана ХҚО» ғимаратында өтетін чемпионатты келіп көргісі келетіндер үшін де жағдай жасалған. Яғни, шамхамтсүйер фанаттар тобы үшін арнайы фан-аумақ бар. Ол жерде орналастырылған алып экран арқылы фанаттар шахмат шеберлерінің ойынын тамашалай алады.