Жансая Әбдімәлік биыл ерлердің гроссмейстер нормасын орындауға үмітті
Алматылық Жансая Әбдімәлік былтыр қарашада 20 жасқа дейінгілер арасында әлем чемпионы атанды. Бүгінде ол 3 норманы орындады.
2011 жылы - әйелдер арасындағы халықаралық шебер атағын, 2014 жылы - әйелдер арасындағы гроссмейстер, 2017 жылы - әйелдер арасындағы халықаралық шебер атағын жеңіп алды.
«Рейтингте 2 500 пунктіне жетуім керек. Қазір менің рейтингім 2 484 болып тұр. 16 пункттен өтсем болды, ресми түрде атақ ұсынылатын болады. Жақында Испанияға ұшатын боламын. Турнирде әлемдегі ең күшті спортшылармен бақ сынасамын. Қалған пункттерді сол жақта жинап келу ойымда бар», - деді Ж.Әбдімәлік.
Жолы болса Жансая Әбдімәлік жас кезінде ерлер гроссмейстерін орындаған әлемдегі бесінші ару болмақ.
Айта кету керек, көбіне әлем чемпионы атағын алған қыздар бұл атаққа 20-25 жастарында қол жеткізген.
Бүгінде Жансая уақытын спортпен айналысуға көбірек арнап жүр.
«Таңертең бассейнге барамын. Шахматшылар үшін физикалық дайындық өте маңызды. Себебі, тапжылмай 2-2,5 сағат отыру үшін үлкен төзім керек. Содан соң академиядағы бапкерлеріммен жаттығу партияларын жасаймын. Түскі астан соң украиналық бапкеріммен скайп арқылы жаттығамын. Басқа нәрселерге уақытым мүлде жоқ»,- деді Жансая Әбдімәлік.