Жансая Әбдімәлік: Мақсатым – қытайлық әлем чемпионын жеңу

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық жас шахматшы, Ерлер арасындағы халықаралық гроссмейтер Жансая Әбдімәлік алдағы мақсаттары туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Менің ең басты мақсатым – әйелдер арасында әлем чемпионы атану. Шілде айында кезекті турнир өтеді. Сол турнир арқылы 2022 жылы өтетін әлем чемпионатына жолдама алуға болады. Құдай жолымды оңғарса деп тілеп жүрмін. Үміткерлер чемпионатына іріктеуден кейін сегіз шахматшы қалады. Солардың арасынан жеңімпаз атанғаны Қытай шахматшысымен ақтық сайысқа түседі», - деді Жансая Әбдімәлік.

Айта кету керек, қазақстандық танымал шахматшы шілде айында Сочиде өтетін әлем чемпионатына қатыспақшы.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жансая Әбдімәлікті ФИДЕ Гран-приіндегі жеңісімен құттықтаған болатын.

Еске салсақ, аталмыш турнирдегі жетістігі үшін отандасымыз ерлер арасындағы халықаралық гроссмейстер атанды.