Кездесуде әкім ақын-сазгердің 75 жылдық мерейтойымен құттықтап, тәуелсіз елiміздің рухани байлығын арттырудағы еңбегінің еселене түсетініне сенім білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Біз Сізді ақын, композитор, драматург ретінде елге сіңірген абыройлы еңбегіңізбен еліміздің поэзиясы мен өнерінің дамуына зор үлес қосып келе жатқан, өзінің дара жолы бар ел азаматы ретінде мақтан тұтамыз. Сіз 160-тан аса әндер мен 150-ге тарта ән мәтіндерінің авторысыз. «Сағыныш сазы», «Жүрекке жүрек тіл қатар», «Шымкентім шырайлым», «Ностальгия», «Тойбастар», «Егіз лебіз» «Тәуелсіздік ұраны» және тағы басқа да әндеріңіз халық арасына кең тарап, сүйіп тыңдайтын әндерге айналды»,-деді әкім өз сөзінде.
Сонымен қатар, аймақ басшысы жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, олардың рухани, мәдени болмысын қалыптастыру мақсатында және меройтой иесінің құрметіне орай ұйымдастырылып отырған республикалық ән байқауының сәтті өтуіне тілектестігін білдірді.
Кездесуде екі жақ Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру жайы мен өңір мәдениетінің дамуы бойынша сөз қозғап, елдің рухын биіктететін ақын-сазгерлердің шығармашылығын жастар арасында кеңінен насихаттау қажеттігін айтты.