Басқосуда тараптар облыс халқының денсаулығы және әлеуметтік ахуалын, сондай-ақ халықаралық ұйыммен бірлесе атқарылатын шаруаларды әңгімеге арқау етті.
Аймақ басшысы қонақтарға өңірдің экономикалық және әлеуметтік жағдайын таныстыра келе, халықаралық ұйымдармен бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.
«Біздің облыс халық саны жағынан Қазақстандағы бірінші орындағы аймақ. Демек, басқа өңірлерге қарағанда оңтүстікте медициналық көмекке жүгінетін азаматтардың қатары да аз емес деген сөз. Сондықтан да мемлекеттің қолдауымен өңірімізде бірқатар медициналық нысандар бой көтеруде. Ендігі жерде сіздер арқылы заманауи технологияны қолдана отырып, салауатты өмір салтын нығайта түссек», - деді Жансейіт Қансейітұлы.
Сондай-ақ, облыс әкімі оқу орындарында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының кафедрасын ашуды және достастық орталығын ашуды ұсынды. Халықаралық ұйыммен байланысты нығайта отырып, денсаулық сақтау саласын жандандыру жолдарын айтты.
Өз кезегінде Олег Честнов та бірлесе жұмыс істеуге дайын екендіктерін айта келе, арнайы меморандум жасасуды ұсынды. Сонымен қатар, алдағы күндері облыстағы зерттеу жұмыстарын жүргізіп, арнайы жобалар дайындауға кірісетіндерін атап өтті.