Жансейіт Түймебаев Келес ауданының тыныс-тіршілігімен танысты

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Келес ауданына арнайы жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аймақ басшысы ауданның тыныс-тіршілігімен танысып, Қошқар ата ауылдық округіндегі «Өктемхан» шаруа қожалығында атқарылып жатқан жұмыстарға да қанықты. Мұнда жылына 120 тонна көкөніс өнімдерін шығарылады. Жалпы жер көлемі 6 гектар болса, оның 0,65 гектарына жылыжай салынған. Қожалық иесі Тұрсынбай Қалыбаев өз қаражаты есебінен жобаға 22 млн теңге қаржы салған. Бүгінде мұнда 60 мың теңге жалақымен 5 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жоба 2014 жылы жүзеге асқан.

Аймақ басшысы ауылшаруашылық тауарын өндіруге келгенде санына ғана емес, сапасына да ерекше мән беру керектігін айтты.

«Біздің облыс басқа өңірлерден ауыл шаруашылығымен ерекшеленеді. Яғни, біздің өнімді еліміздің барлық аймақтары тұтынады. Одан бөлек, өзге елдерге экспортталып жатқаны қанша. Демек, біз сапаға мейлінше көңіл бөлуіміз керек. Сонда тауарларыңыз өтімді болады. Егер өнімнің сапасы жоғары болса, ұзақ сапарға да шыдамды, төзімді болары сөзсіз», - деді Жансейіт Түймебаев.

Айта кетейік, бүгінде ауданда 5114 ауыл шаруашылығы нысаны жұмыс істейді. Оның 4994-і шаруа қожалығы болса, 120-сы өндірістік кооператив.