«Қазақстанда тәуелсіздік алғалы бері тарихты түгендеу, ұмытпау бағытында біршама іс тындырылып келеді. 2004 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы қолға алынып, оның шеңберінде Қазақстан аумағында тарихи-мәдени ескерткіштер қалпына келтірілген болатын. 2015 жылы біз «Халық тарих толқынында» бағдарламасын қабылдадық. Соның арқасында әлемдік жетекші архивтердің құжаттарын зерттеу мүмкіндігі туды. Бұл трагедияның ауқымды болғаны соншалық, алда әлі талай зерттеу жұмыстары күтіп тұр», - деді Жансейіт Түймебаев Саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған ҚХА-ның «Тарихтан тағылым - өткенге тағзым» халықаралық Х форумында.
Оның айтуынша, қазіргі таңда «Рухани жаңғыру» бағдарламасының екінші кезеңі - «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы бастамалар іске асырылуда.
«Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының базасы бойынша біз қоғамдық сананы жаңғыртуда үлкен жұмыстарды қолға алдық. Болашақ үшін өткенді тану - тәуелсіз Қазақстан халқының тарихи санасын қалыптастырудың негізі екені анық», - деді ол.
Айта кетсек, аталмыш форумда Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев сөз сөйлеп, сталиндік репрессияның құрбандары бойынша ортақ аза - қазақстандықтарды біріктіретін факторға айналуы тиіс» екенін мәлім еткен болатын.