ЖАНТӨРИН СӘЛІМГЕРЕЙ СЕЙІТХАНҰЛЫ

None
sp;Жантөрин Сәлімгерей Сейітханұлы (1864-1920) - қоғам қайраткері, ХХ ғасыр басындағы ұлт-азаттық қозғалыс жетекшілерінің бірі.

Бұрынғы Уфа губерниясының Стерлитамак уезінде (қазіргі Башқортстан) дүниеге келген. Орынбор гимназиясын, Мәскеу университетінің физика-математика факультетін және Санкт-Петербор университетінің заң факультетін бітірген.

1905 жылдан бастап патша үкіметіне оппозицияда болған саяси күштердің қызметіне араласқан. «Автономияшылар одағын» құруға тікелей атсалысқан. 1905 жылы 19 қарашада өткен автономияшылардың съезіне қатысқан. Кадеттер партиясына («Халықтар бостандығы») мүшелікке өткен.

Бірінші орыс революциясы жылдары Бүкілресейлік мұсылмандар съезін өткізуді ұйымдастырушылардың бірі болды. Бүкілресейлік мұсылмандардың үшінші съезінде «Ресей мұсылмандар одағы» («Иттифақ ул-муслимин») ұйымының Орталық комитетінің құрамына сайланған.

 Бірінші Мемлекеттік думаның мүшесі болып, онда мұсылмандар фракциясының құрамына кірген. Выборг үндеуіне қол қоюшылардың қатарында болды. Сол үшін патша өкіметі тарапынан айыпталып, 3 ай абақтыда отырған.

Түрлі оқу орындарында оқитын қазақ жастарына көмек көрсетіп тұрды. 1911 жылы түркі тілдеріне енген араб-парсы сөздері жайлы кітап шығарған. 1914 жылдан бастап Санкт-Петербор қаласында татар тілінде «Миллят» газетін шығарған. 1916 жылы мемлекеттік думадағы мұсылман фракциясы жанындағы бюрода қызметтер атқарған. Онда ана тілінде оқыту мәселесіне көп көңіл бөліп, ол жөнінде мұсылмандар фракциясына нақтылы ұсыныстар жасаған.

Мұстафа Шоқай, С.Мақсұдов, А.Салихов секілді қайраткерлермен бірге майданның жұмысына Түркістан өлкесі мен Қазақстаннан алынған адамдардың хал-ахуалы жайлы мәліметтер жинастырып, оларды мұсылмандар фракциясына жеткеріп тұрған. 1917 жылғы ақпан төңкерісі нәтижесінде патша өкіметі құлатылғаннан кейін қалыптасқан жағдайға сай империядағы түркі тілдес мұсылман халықтарының саяси іс-әрекеттерін бір ізге түсіріп, үйлестіріп отыру үшін Бүкілресейлік мұсылман съезін өткізу керектігін жақтаған. Осы жылы Уфа губерниясынан Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидат болып ұсынылады. Еділ-Орал автономиясының ұлттық жиналысына (Миллят Меджлиси) депутат болып сайланған.

Алашорда үкіметіне қолдау танытып, оның жетекшілерімен тығыз байланыста болған.

 

Дерек көзі:

Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 3 том.