Үй жануарын алып жүру
Сіз сүйікті итіңізбен жаңбыр астында тұрсыз. Такси келіп тоқтайды, жүргізуші итті көрген бойда үн-түнсіз есіктерді бұғаттап, кетіп қалады. Әрине, мұндай жағдай көңілге тиеді. Бірақ басты сұрақ оның заңды бұзған-бұзбағанында.
Мұндай жағдайлар желіде қызу талқыланады, ал пікір жазушылар жүргізушінің бұлай істеуге құқығы жоқ екенін айтып, заң нормаларына сілтейді. Алайда бұл жерде қоғамдық көлік пен таксиді ажырата білу маңызды. Ережелер жануарларды тасымалдауға рұқсат береді, бірақ оның белгілі бір шарттары бар.
Ұсақ жануарлар мен құстар тек жабық торда, себеттерде немесе арнайы тасымалдау сөмкелерінде болуы қажет. Ал иттер қарғыбаумен және тұмылдырықпен тасымалдануы керек. Бірақ таксиде бұл мәселенің өз ерекшелігі бар: жануарды алып жүру үшін такси жүргізушісінің келісімі қажет. Егер әңгіме ортақ сапар (бір көлікте бірнеше жолаушы) туралы болса, онда басқа жолаушылардың пікірі де ескерілуі қажет.
Сондықтан жануары бар жолаушы әдеттегі тарифпен жұмыс істейтін жүргізушіге сүйкімді тосынсый емес, тапсырыстан бас тартуға негіз болуы мүмкін. Әсіресе, жолаушы жалғыз еместігін, қасында төрт аяқты серігі бар екенін алдын ала ескертпеген жағдайда. Мұндай жағдайлар үшін такси агрегаторларының өз ішкі ережесі бар. Мысалы, Яндекс Go қосымшасында жануарды тасымалдауға арналған арнайы қызмет қарастырылған, ал inDrive сервисінде үй жануары туралы ақпаратты тапсырыс беру кезінде немесе түсініктемеде бірден көрсеткен жөн.
Таксиде тамақтану
Таңертең жұмысқа кешігіп бара жатырсыз делік. Бір қолыңызда телефон, екіншісінде ыстық кофе, ал пакетіңізде бәліш бар. Бұл көпшілікке таныс көрініс. Бірақ такси жүргізушісі үшін бұл көлік салонының ластануына, дақтардың пайда болуына және қосымша тазалау шығындарына әкелуі мүмкін.
Жолаушыларды тасымалдау ережелерінде таксиде тамақ жеуге немесе сусын ішуге тікелей тыйым салынбаған. Алайда бұл көлік ішінде қалағаныңызды еркін жеуге болады дегенді білдірмейді. Мысалы, тұздығы төгілуі мүмкін шаурманы немесе қақпағы жоқ тәтті кофені абайсыз пайдалану салонға зиян келтіруі ықтимал.
Мұндай жағдайда азаматтық заңнаманың жалпы қағидасы қолданылады: егер жолаушы өзгенің мүлкіне зиян келтірсе, келтірілген шығынның орнын өтеуге міндетті. Бұл талап ҚР Азаматтық кодексінің 917-бабында бекітілген.
Жолаушылар үшін бір қарағанда болмашы көрінетін үгінді, дақ немесе иіс жүргізушіге қосымша қиындық тудыруы мүмкін. Өйткені көлікті уақытша жұмыстан шығарып, жууға немесе химиялық тазалауға апаруға тура келеді. Бұл уақыт пен табыс жоғалту деген сөз. Сондықтан салонға нақты зиян келтірілгені анықталса, жүргізуші шығынды өтеуді талап етуге құқылы.
Музыка және климатты бақылау
Кейде таксидегі қатты музыка бүкіл көшеге естіліп жатады. Ал жүргізушінің таңдаған әуені сізге ұнамайды немесе дәл қазір өзіңіздің плейлистіңізден сүйікті әнді тыңдағыңыз келеді. Кейде керісінше, кондиционердің салқындатуынан жаздың өзінде тоңып қалатындай күйге түсесіз. Мұндайда музыканы бәсеңдетуді немесе температураны реттеуді сұрауға бола ма? Иә, болады. Бірақ жүргізуші көлікті сіздің жеке демалыс аймағыңызға айналдыруға міндетті ме? Жоқ.
Бұл жағдайға қатысты таксиде музыка немесе климатты бақылау туралы бөлек заң баптары жоқ. Мұнда қызмет көрсетудің сапасы мен қауіпсіздігіне қатысты жалпы нормалар қолданылады. «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңға сәйкес, тұтынушы қауіпсіз әрі сапалы қызмет алуға құқылы.
Сондықтан сапар қолайсыз немесе жайсыз болса, жолаушы қатты шыққан музыканы бәсеңдетуді, терезені жабуды немесе кондиционерді реттеуді сұрай алады. Бірақ заң жолаушыға бөтен көліктегі барлық жағдайды өз қалауынша басқару құқығын бермейтінін де түсіну маңызды.
Әдетте жүргізуші бірінші өтініштен-ақ музыканы бәсеңдетіп, радиостанцияны ауыстырып немесе салондағы температураны реттеп береді. Бұл – қызмет көрсетудің қалыпты бөлігі әрі қарапайым мәдени қарым-қатынас. Бірақ жүргізушіден өз телефоныңызды Bluetooth арқылы қосып беруді, AUX кабелін тауып, жеке плейлисіңізді қосуды талап етуге болмайды. Көлік – оның жұмыс орны, сұраныс бойынша жұмыс істейтін караоке емес. Таксиде жолаушы А нүктесінен Б нүктесіне дейін жету қызметін алады, бірақ салонды толық басқару құқығын сатып алмайды.
Сонымен бірге, агрегатордың өз ішкі ережелері де маңызды. Таксиде қандай музыка қосылуы керектігі немесе кондиционер қанша градусқа қойылуы тиістігі заңда нақты көрсетілмесе де, әр сервис сапаны өз стандарттары бойынша бағалайды. Сондықтан жүргізуші дөрекілік танытса, музыка бәсеңдету туралы орынды өтінішті елемесе, терезені жабудан бас тартса, жайсыздық тудырса немесе соның кесірінен сапар көңілсіз өтсе, қосымшадағы қолдау қызметіне шағымданған дұрыс. Егер шағымыңыз дәлелденсе, жүргізушіге тиісті шара қолданылады, ал сізге алынған ақшаны қайтару немесе өзге де өтемақы ұсынылуы мүмкін.
Маршрут таңдау және жол бойында аялдау
Сіз таксиге отырған сәтте «Навигатор дұрыс көрсетпепті, гараждар арқылы жүрейік, ол жақ тезірек» деп маршрутты өзіңіз басқара бастайсыз немесе жол үстінде «дүкенге бір минутқа ғана тоқтай салайық» деп өтінесіз. Сырттай қарағанда бұл қарапайым өтініш сияқты, бірақ жүргізуші үшін бұл қосымша уақыт, сапар құнының өзгеруі және бүлінген жолда дөңгелектің жарылып кету қаупін білдіреді.
Жолаушыларды тасымалдау ережелеріне сәйкес (217-тармақ), жолаушы жол бағытын айқындауға құқылы. Егер адам нақты қалай бару дұрыс екенін білмей, тек баратын жерін айтса, жүргізуші оны ең қысқа жолмен жеткізуге тиіс. Алайда бұл жолаушы кез келген маневрді талап ете алады дегенді білдірмейді. Маршрут жол ережесін бұзбауы керек, тыйым салынған белгілер арқылы өтпеуі тиіс, жабық жолға кірмеу, көлікке қауіп төндіретін жерлерден жүрмеуі қажет. Жүргізуші сапар қауіпсіздігіне жауап береді, сондықтан «мен бұл жермен үнемі жүремін» деген сөз әрқашан уәж бола бермейді.
Агрегатор қызметтерінде жағдай одан да күрделірек. Кәдімгі сапарда жүргізуші жолаушының өтінішіне ғана емес, қосымша ұсынған маршрутқа да сүйенеді. Егер жол бойында банкке, дүкенге кіріп шығу немесе біреуді алып кету қажет болса, мұны қосымшада аралық аялдама ретінде енгізген дұрыс. Көптеген сервистерде бірнеше аялдама көрсету мүмкіндігі бар, ал егер сапар кезінде маршрут өзгерсе, соңғы баға бастапқыдан өзгеше болуы мүмкін.
Жол үстінде «бір минутқа тоқтай салу» да әрқашан тегін қызмет емес. Қосымшаларда жүргізушіде күту режимі қарастырылған және егер жолаушы аялдауды сұраса, ол режим іске қосылуы мүмкін. Бірнеше минуттан кейін бұл ақылы қызметке айналып, қосымша сома сапар құнына автоматты түрде қосылады.
Қауіпсіздік белдігі
«Ой, бар болғаны бес минут жол ғой, белдік тақпай-ақ қоямын» деген жағдай да көршілікке жақсы таныс. Бірақ таксиде бұл уәж жүрмейді. Қысқа қашықтық, артқы орындық немесе таныс жол – бұлардың ешқайсысы маңызды ережені жоққа шығармайды. Қазақстанның жол қозғалысы ережелері қауіпсіздік белдігі орнатылған көлікте жолаушының оны тағуын міндеттейді.
Көп адам қателесіп, белдікті тек алдыңғы орындықта ғана тағу керек деп ойлайды. Ал жүргізушінің өзіне де бөлек міндет жүктелген – өзі белдік тағып отыруы қажет және белдік тақпаған жолаушыны тасымалдамауы керек (ҚР ЖҚЕ 2-тарау, 9-тармақ, 5-тармақша).
Бұл талапты бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. ҚР ӘҚБтК 593-бабына сәйкес, қауіпсіздік белдігін қолданбау 5 АЕК мөлшерінде айыппұлға әкеп соғады (2026 жылы бұл шамамен 21 625 теңге). Сондықтан такси жүргізушісінің «өтінемін, белдігіңізді тағыңыз» деуі – жай ғана тәртіпке шақыру емес, өзіне де, жолаушыға да айыппұл мен қауіптің алдын алу.
Егер жолаушы белдік тағудан қасақана бас тартса, жүргізуші сапарды жалғастырмауға құқылы. Тіпті бұл – ең қауіпсіз шешім, себебі жол камералары немесе полиция бұзушылықты тіркесе, жауапкершілік көлікті басқарған адамға жүктеледі. Ал «бес минуттық жол» деген уәж кейін ешкімді ақтамайды. Сондықтан таксиде қауіпсіздік белдігіне қарсы дауласу орынсыз: жайлылық қауіпсіздік пен жауапкершілік басталатын жерде тоқтайды.
Бұған дейін Қазақстанда мүгедектігі бар адамдарға көрсетілетін инватакси және санаторий-курорттық емдеу қызметтерінің шығынын өтеу қағидалары жаңартылғаны хабарланған еді.
Сондай-ақ еліміздің үш қаласында пилотсыз такси іске қосылады.