Жануарларды жәбірлейтіндер қоғамға да қауіп төндіреді – мамандардың пікірі

Фото: видеодан алынған сурет

АСТАНА. KAZINFORM – Соңғы жылдары елімізде жануарларды жәбірлеуге қатысты заң қатаңдады. Енді оларды қорлап, қатыгездік көрсеткендер 400 мың теңгеге жуық айыппұл төлейді.

Заңда тағы қандай жазалар қарастырылған? «Бүгін LIVE» студиясына қонақ болған заңгер жауап берді.

 

– Қазақстан Республикасында 2021 жылы «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң қабылданды. Бұл заңға сәйкес ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 407, 407-1 және 402-2 баптары енгізілді. Сонымен қатар, ҚР Қылмыстық кодексінің 316-бабында да жануарларға қатысты құқықбұзушылықтар қарастырылған, – дейді Нұрлан Жаңабаев.

Маман жануарларға жәбір көрсеткендерді қандай жаза күтіп тұрғанын түсіндірді.

– ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексі бойынша жануарларға қатыгездік жасаған жағдайда айыппұл салынады. Ал ҚР Қылмыстық кодексінде айыппұл көлемі 1000 АЕК деңгейінде белгіленіп, 1 жылға дейін түзету жұмыстарына тарту немесе 1 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазалары қарастырылған. Бұл шаралар жануарларға қатыгездік көрсеткендерге қатысты қолданылады, – дейді студия қонағы.

Алайда Нұрлан Жаңабаев бұл шаралар әлі де жеткіліксіз екенін жеткізді.

– Заңнамаға тиісті өзгерістер әлі де енгізіліп жатыр. Менің ойымша, бұл жазалар жеңіл. Қазіргі кезде заң жұмыс істеп келе жатқанына небәрі 3 жыл болды. Халықаралық тәжірибеге келер болсақ, Германия, Ұлыбритания сияқты батыс елдерінде жануарларға қаталдық танытып, оның соңы өлімге әкелген жағдайда 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Қазақстан бұл бағытта әлі де тәжірибе жинап жатыр. Сондықтан әлі де заңға қосымша түзетулер енеді деген ойдамын, – дейді заңгер.

Ал психолог маманы жануарларға қорлық көрсететіндердің психикасына сипаттама берді.

Фото: видеодан алынған сурет

– Жануарларға қамқорлық жасау адамның психикасының сау екенін білдіреді және бұл тұлғалық даму деңгейінің айқын көрінісі. Кез келген тірі жан иесіне азаптау немесе қатыгездік көрсету — бұл адам мінезіндегі басты теріс белгілердің бірі, – дейді Назым Ибрагимқызы.

Маман мұндай мінез бала кезден қалыптасатынын айтады.

– Психологияда мұндай әрекеттер деструктивті азап немесе антисоциалды мінез-құлық деп саналады. Қатыгез мінез бала кезден қалыптасады. Егер бала зорлық-зомбылық көріп өскен болса, отбасындағы қиын әлеуметтік жағдайларды басынан кешірсе немесе эмоцияларын дұрыс басқара алмаса, ол бейбіт жолмен эмоциясын шығара алмайды. Нәтижесінде, агрессиясын әлсіздерге бағыттайды, – дейді ол.

Назым Ибрагимқызы мұндай адамдар қоғамға да қауіп төндіруі мүмкін екенін жеткізді.

– Жануарларға күш көрсететін адамдардың адамға да сондай әрекет жасау қаупі жоғары. Бұл жағдай қоғамға да белгілі деңгейде қауіп төндіреді. Ал бала кезінен мейірімге бөленіп өскен адам мұндай қатыгездікке бейім болмайды, – дейді психолог.

Айта кетейік, Шығыс Қазақстан облысында жүгенсіз жүрген жануарлардың кесірінен адамдар зардап шегіп отыр.