Жапаров: Өлім жазасын қайтару мәселесі бүкілхалықтық дауыс беру арқылы шешіледі
АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров әйелдер мен балаларға зорлық-зомбылық жасап, адам өлтіргендерге қатысты өлім жазасын қайта енгізу бастамасына түсініктеме беріп, бұл мәселе тек бүкілхалықтық дауыс беру арқылы шешілетінін мәлімдеді. Бұл туралы ол Кабар агенттігіне берген сұхбатында айтты.
— Мұндай қажеттіліктің себептері қоғам үшін айқын. Соңғы уақытта кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыс жиілеп кетті, — деді мемлекет басшысы.
Ол мұндай қылмыстың көбеюі тек Қырғызстанда ғана емес, бүкіл әлемде байқалып отырғанын атап өтті.
Президенттің айтуынша, бұл мәселені қарастырғанда сыбайлас жемқорлық тақырыбын араластырмау керек, себебі басты мақсат — әйелдер мен балаларды қорғау.
— Біз мұндай шешімді жеке-дара қабылдамаймыз. Міндетті түрде халықпен ақылдасамыз. Қырғыз Республикасы Конституциясының 25-бабына сәйкес, өлім жазасына тыйым салынған. Сонымен қатар әр адамның өмір сүруге ажырамас құқығы бар. Адам өміріне және денсаулығына қол сұғуға болмайды. Бұл бапта өмірден айыру тек заң аясында, мемлекет тарапынан болуы мүмкін екені анық жазылған. Мемлекет заң шеңберінде адамның өмірі мен денсаулығын қорғауға құқылы. Қоғам балалар мен әйелдердің өмірі мен ар-намысын қорғау үшін өлім жазасын енгізуді ұсынып отыр. Бұл халық талабы тек заң арқылы шешілуі тиіс. Сондықтан «Конституцияның 25-бабына өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы алдымен қоғамдық талқылауға шығарылады, — деді Садыр Жапаров.
Оның айтуынша, одан кейін Конституциялық сот бұл заң жобасына қорытынды береді.
— Бұл заң жобасы референдум арқылы қабылдануы мүмкін. Мәселе тек бүкілхалықтық дауыс беру жолымен шешіледі. Егер халықтың басым бөлігі қолдаса, онда жаңадан сайланған Жогорку Кенеш халықаралық келісімдерден шығу туралы және қолданыстағы кодекстер мен заңдарға өзгерістер енгізу жөнінде заңдар қабылдауы қажет болады, — деп түйіндеді президент.
Еске салайық, қыркүйек айының соңында 17 жастағы Айсулуу Мұқашеваның қатыгездікпен өлтірілуі Қырғызстанда үлкен қоғамдық резонанс тудырған еді. Бұл оқиға қоғамды дүр сілкіндіріп, өлім жазасын енгізу мәселесін қайтадан күн тәртібіне шығарды.
Президент Садыр Жапаров бұл істі өз бақылауына алып, әйелдер мен балаларға қарсы қылмыстардың алдын алу үшін жазаны күшейту бастамасын көтерді.