Жапон апатына қарамастан атом энергетикасының рөлі арта түседі - С. Қожахметов

АСТАНА. 29 наурыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Жапон апатына қарамастан атом энергетикасының рөлі арта түседі.

Бүгін Астанада өтіп жатқан Бірінші Қазақстандық Халықаралық Өнеркәсіптік Инновациялық Форум шеңберінде ұйымдастырылған «Қазақстандағы атом саласының жағдайы және оның даму перспективалары» атты халықаралық конференцияда «Жоғары технологиялар институты» ЖШС-нің Бас директоры Серік Қожахметов осылай мәлім етті.

«Нақты жағдаймен сараласақ, уран нарығындағы ұзақмерзімді конъюктурада еш өзгеріс күтілмейді. Өйткені, бүгінгі таңда атом энергетикасының рөлі де мәні де аса жоғары қалыпта тұр. Әлемнің бірқатар дамыған елдеріндегі осы саланың дамуына жалпы экономикалық дамуы да байлаулы тұр. Сондықтан да, Жапонияда орын алған мәселелер терең әрі мұқият зерделенеді. Десе де, бұндай зерделеуде негізінен атом энергетикасынан бас тарту жағы емес, керісінше осы стансалардың сенімділігін, қауіпсіздігін арттыру мәселесі бірінші орынға шығатын болады», - деді С. Қожахметов.