Шеру Болу қаласындағы сот ғимаратының алдында басталды. Бастамашысы – өрттен анасынан, бауырынан және 11 жастағы жиенінен айырылған Октай Акишли. Шеру басталар алдында қаза тапқандардың жақындары мәлімдеме жасап, қайғылы оқиғаға қатысы бар барлық тұлғаны жауапқа тартуға шақырды.
Өрттен сегіз туысынан айырылған адвокат Юксель Гюльтекин Түркияның Мемлекеттік кеңесі бірқатар лауазымды тұлғаға қатысты тергеу жүргізуге рұқсат бергенімен, апат болғанына шамамен он ай өтсе де, олардың ісі бойынша сот процесі әлі басталмағанын айтты.
Оның сөзінше, қаза тапқандардың туыстары кінәлілердің қызметіне қарамастан, барлығы сот алдында жауап бергенге дейін өздерінің қоғамдық науқанын жалғастыра береді. Ол бұл шеруді «ар-ождан шеруі» деп атап, Анкараға дейінгі жол бойындағы елді мекен тұрғындары да оған қосылады деген үміт білдірді.
Октай Акишли олардың мақсаты кек алу емес, әділдікке қол жеткізу екенін айтты. Оның пікірінше, жауапкершілігі анықталған шенеуніктерге қатысты қылмыстық қудалаудың болмауы сот жүйесіне деген сенімге нұқсан келтіреді.
Шеру басталар алдында қатысушылар өрттен қаза тапқан 78 адамның рухына тағзым ретінде көкке әуе шарларын ұшырып, кейін Анкара бағытына жол тартты. Оларға жергілікті тұрғындар да қосылып, қаза тапқандардың отбасыларына қолдау білдірді.
Еске салайық, бұған дейін Түркияда Карталкая тау шаңғысы курортындағы Grand Kartal қонақүйінде болған алапат өртке қатысты іс бойынша сот үкімі шыққаны хабарланған болатын.
Айта кетелік бірнеше турист өзін нашар сезінген: Түркиядағы бес жұлдызды қонақ үй тексеріліп жатыр.