Жапон қызы Сэрина Сунагава қазақтың салтына сәйкес Елбасыға сәлем салды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Ақордада Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Қазақстан әйелдер қауымы өкілдерімен «Көктем шуағы» атты кездесуі барысында жапон қызы, қазақтың келіні Сэрина Сунагава ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа сәлем салды.

«Мен жапон қызымын, қазақтың келінімін. «Астана Операның» солисімін. Жалпы қазақ пен жапон ұқсас халықтар. Мен қазақтың салтымен, жапонның дәстүрімен Сізге сәлем саламын», - деп иіліп сәлем салды Сэрина Сунагава кездесу барысында.

Елбасы бұған ризашылығын білдіріп: «Бақытты бол», - деді. «Мен балалық шағымды Окинава аралында өткізгенмін. Ол жерде қар болмайды, қыстың өзінде жылы. Сондықтан да мен бұрын далада қақаған аязда әртістер қалай театрға билеуге барады деп ойлаушы едім. Қазір мен театрға аса ынтазарлықпен, көтеріңкі көңіл-күймен барамын, ауа райының қолайсыздығына қарамастан. Өйткені, «Астана Опера» менің арманым болатын. Мен жас күнімде армандағанның барлығы Астана Опера» театрында қамтылған. Мен бақыттымын. Мен осы үшін өнер адамы ретінде Сізге алғысымды жеткізгім келеді», - деді Сэрина Сунагава.

Айта кетейік, Сэрина Суганава «Астана Опера» театрының балеринасы. 2005-2013 жылдар аралығында Астанадағы К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрында еңбек етті. 2013 жылдан «Астана Опера» театрында. Опералық әртіс Сүндет Байғожинге тұрмысқа шыққан. Қазір олардың отбасында Сәния атты қыз өсіп келеді.

«Астана Опера» секілді театрда өнер көрсету менің арманым болған еді. Қазір осы арманым орындалды. Осы үшін Сізге үлкен алғысымды айтқым келеді», - деді қазақтың келіні.