Осы жылдың көктемінде «Инновациялық Қазақстан - 2020» форумында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылы инновациялық көрсеткіштер жөнінен Қазақстан ӘЭФ Бәсекеге қабілеттіліктің жаһандық индексінің рейтингінде 2015 жылы 101-орыннан 65-ке, 2020 жылы 50-ге бір-ақ секіруі қажет деген пәрменді пайымын жеткізген болатын. Соған орай «Айқын» басылымы «Инновация - сенімді стратегия» деген тақырыпта Қазақстанның жаңа инновациялық саясатының алға қойып отырған міндеттерінің орындалу барысы жайында жазылған көлемді мақала ұсынып отыр.
«Биылғы жылы да, 2012 жылы да бюджет кірісі қазіргі жоспардағыдан әлдеқайда мол болмақ», - деп хабарлайды «Айқынның» «Бюджет түзелетін сыңайлы» деп аталатын келесі бір материалында.
Мақалада автор бюджеттік кірістерін ұлғайтатын негізгі 8 факторды және өндіріс көлемінің ең кемі номиналдық он пайыз өсімін қамтамасыз ететін 5 шартты келтіре кетіп, шығыс бөлігін толықтыру қажеттігіне тоқталады.
«Биылғы жыл ғана емес, алдағы үш жыл біз үшін қолайлы кезең болатын сыңайлы. Одан әрі дәл осындай қолайлы жағдай бола ма, жоқ па оны уақыт көрсетер. Сондықтан қолайлы кезеңде жиналған қаражатты жан-жаққа шашыратпай, негізгі басты қажеттіліктерге жұмсай алсақ, ұтысымыз көп болмақ. Біз бұл арада Елбасымыздың тағы да бюджеттіктер кірісін көбейту секілді нақты ұсынысы болу мүмкіндігін де естен шығармаймыз. Қысқасы, Қазақстан үшін қарқынды дамуды жалғастыратын кезең туып тұр. Оны ұтымды пайдалана алсақ қана одан арғы дамуымыз іркіліссіз болмақ», - делінген сараптамалық мақалада.
«Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санында «Жапон мен АҚШ-тың ғалымдары «Алаш» деп алып-ұшып тұр» атты мақала жарияланды. Алаштың арысы Әлихан Бөкейханның туғанына биыл - 145 жыл. Мақала авторы, аталмыш мерейтой қарсаңында «Нұр Отан» партиясының бастамасымен қыркүйектің 13-і күні өтетін Әлихан Бөкейханның 145 жылдығы мен Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына арналған «Алаш мұраты және тәуелсіз Қазақстан» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның ұйымдастырылатынын жазады.
«Екпін түсіре айтатын дүние - конференция облыстық не республикалық деңгейде емес, халықаралық деңгейде өтеді. Себебі Алаш пен Әлиханды біз өз деңгейінде қадірлей білмесек те, қадіріне жетіп жүрген шетелдік ғалымдар бар екен. Соның бірі - Жапониядағы Хоккайдо университеті жанындағы Славян зерттеу орталығының профессоры Томохико Уяма. Жапондық ғалым Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өтетін конференцияда «Ә. Бөкейхан мен оның дәуірлестерінің ХХ ғасырдың басындағы халықаралық ахуалды ұғынуы туралы» деген тақырыпта баяндама жасаймын деп ат-көлігін сайлап отыр екен», - делінген мақалада.
Сонымен қатар газеттің жазуынша, бұл жиында АҚШ-тың Вашингтон штатындағы Карнеги қорының ғылыми қызметкері, Орта Азия елдеріндегі америкалық сарапшы Марта Бриль Олкотт та Алаш арысының топырағына келіп, бір тебіренсем деп отырған көрінеді. Жалпы, конференцияға еліміздің барлық өңірлерінен 100-ден астам зерттеуші келмек.
«Қазақстандық альпинистер Мақсұт Жұмаев пен Василий Пивцов К2 шыңын бағындырып, кезекті ерліктеріне қол жеткізді», - деп хабарлайды «Казахстанская правда» газеті «Әлемнің барлық сегізмыңыншылары» атты мақалада. Өз мансаптарында бірнеше рет шықса да, аталған шыңды бағындыра алмай келген мұзбалақ жігіттеріміз 23 тамыз күні көптен бергі мақсаттарына жетті. «Аталмыш шың аңызға айналған альпинистердің бағындырған 14-ұшар басы. Қаһармандардың twitter-дегі парағына жазылған көптеген құттықтауларға ел Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов те қосылды», - делінген мақалада.