Мәжіліс Төрағасы О.Мұхамеджанов өз сөзінде жаһандық қауіпсіздікті сақтауда маңызды орын алатын ең басты мәселе - ядролық қаруды таратпау жолындағы күресте Жапонияның айрықша үлес қосып келе жатқанын айта келіп, Астана қаласында өткен «Ядролық қарусыз әлем үшін» халықаралық форумының жұмысына белсенді қатысқандары үшін жапондық әріптестеріне ризашылығын білдірді.
Жапон парламентшілері қазақ елінің әлем қауіпсіздігін нығайтудағы еңбегін жоғары бағалай келіп, аталған форумдағы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың айтқан бастамаларына қолдау білдіретіндерін мәлім етті.
Жапон депутаттарының пікірінше, Астанада өткен халықаралық форумының қорытындысында қабылданған Декларация өркениетке бастаған адамзаттың барлық күш-жігерін ядролық қаруды таратпау және қарусыздандыру процесіне біріктіруге жасалған нақты бір қадам болды.
Кездесу барысында тараптар парламентаралық ынтымақтастықты және екі жақты өзара байланысты дамыту мәселелері жөнінде пікір алмасты.
Осы кездесуге Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрғасы Әмзебек Жолшыбеков және Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Ерлан Нығматулин, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Жапониядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ақылбек Камалтинов қатысты.