Жапондық жанкүйер: Қазақстан боксы биік деңгейде

НИШИО.KAZINFORM — Бокстан Жапонияда өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындары өз мәресіне жетті. Қазақстан боксшылары финалдық жекпе-жекте екі алтын медаль еншілеп, жапондық жанкүйерлердің қошаметіне ие болды.

Фото: Мұхтар Қалимоллаұлы/Kazinform

Ақтық сайыстарды тамашалаған жапондық жанкүйер Яамада Kazinform тілшісіне шағын сұхбат беріп, Қазақ боксының деңгейін жоғары бағалады.

- Финалдық жекпе-жектерді толық тамашалап шықтым. Қазақстандықтарды жарқын жеңісімен құттықтаймын. Жалпы, Қазақстанның бокс деңгейі жоғары, мықты спортшыларыңыз бар. Бүгін Төрехан керемет өнер көрсетті,- деді ол.

Сонымен қатар, ол Геннадий Головкиннің жанкүйері екенін айтты.

- Геннадий Головкиннің жанкүйерімін. Бүгін осы жерден оған кезігіп, қол таңбасын алғаныма өте қуаныштымын. Бұл мен үшін зор мәртебе,- деді Яамада.

Еске салайық, Төрехан Сабырхан бүгін Қазақстан қоржынына араға 12 жыл салып Азия ойындарының алтын медалін салды.

Сонымен қатар, қазақстандық боксшы Айбек Оралбай Азия ойындары финалында Өзбек боксшысын жеңіп, чемпион атанды.