Жапондық телеарна Қазақстан мен Астана туралы бағдарлама көрсетті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жапондық «NHK» телерадиокомпаниясы өз көрермендеріне Қазақстан және «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі жайында 110 минуттық бағдарлама таратты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Арнайы жобаның авторы ретінде танымал жапондық журналист Окоши Кенсуке болды. Осы жылдың шілде айында  Қазақстанға жапондық телеарнаның түсірілім тобы келіп, еліміздің Атырау, Қарағанды, Семей, Ақтау, Алматы және басқа да облыстарына сапармен барып қайтқан болатын.      Аталмыш жобада жапондық әріптестер мемлекетіміздің  дамуы жайында, қазақстандықтардың тұрмыс-тіршілігін, мәдениеті мен салт-дәстүрін кеңінен көрсетті. Жапония журналистерінің айтуынша, бұл Қазақстан жайлы жапондық телевизияда көрсетілген ауқымды  бағдарлама», - деп атап өтілген таратылған мәліметте.

Сондай-ақ жоба аясында бағдарламаның тұтастай бір бөлігі «QAZAQSTAN» Республикалық телерадиокорпорациясының қызметіне арналған. Әсіресе, онда Ұлттық арнадағы өзгерістер ерекше атап өтілген. Жоба жетекшісі Окоши Кенсуке Астанаға өзі арнайы келіп, шығармашылық топпен бірқатар бағдарламалардың түсіріліміне қатысып, Басқарма төрағасы Ерлан Қариннен сұхбат алды. Жапондық әріптестерді телерадиокорпорацияның  жұмыс барысы, телеарнадағы өзгерістер, бірегей форматта шыққан жаңа да әрі тың жобалар тәнті етті.

Айта кетейік, бұл бастама «NHK» және «QAZAQSTAN» телерадиокорпорациялары арасындағы ынтымақтастық орнатудағы ең  алғашқы қадам болмақ.  Сонымен қатар, осы жылдың қазан айында телерадиокорпорацияның делегациясы  Жапонияға іссапармен баруды жоспарлап отыр. Онда Басқарма төрағасы Ерлан Қарин «NHK» телерадиокомпаниясының президенті   Риочи Уедамен кездеседі. Осы орайда жапондық әріптестермен қарым-қатынасты тереңдетіп, тәжірибе алмасу мүмкіндігі қарастырылады.

«NHK» Жапон телерадиотарату корпорациясы жапондық және әлемдік ақпараттық кеңістікте жетекші БАҚ-тың бірі болып саналады. Телерадиокорпорация құрамында 8 аймақтық орталық және ел ішінде хабар тарататын 54 станса бар.