Сыртқы істер министрлігінің телеграм-парақшасында Жапониядан жеткен құттықтау видеосы жарық көрді. Онда жапонның ұлттық киімін киіп, рикша мінген жапондық қазақ тілінде «Наурыз құтты болсын!» деп, ақжарма тілегін әуенмен жеткізген.
Ведомствоның мәліметінше, видеодағы Сатоши Акао - «Central Asia Visa Centre» компаниясының басшысы және Орта Азия мен Кавказ институты хатшылығы жетекшісінің орынбасары. Кәсіби жұмысына байланысты ол Қазақстанның Жапониядағы елшілігіндегі іс-шараларға белсене қатысады. Оның хоббиі - ән айту. Ол Жапониядағы ән байқауларында жиі өнер көрсетіп жүр.
Айта кетейік, 21 наурыз күні Жапонияда Көктемгі күн мен түннің теңелу мерекесі аталып өтеді. Бұл мемлекеттік мереке - салт-дәстүрді еске алып, айналадағы адамдарға құрмет көрсететін кез. Осы кезде сакура гүлдей бастайды, сондықтан бұл мереке айнала құлпырып, көктемнің келгенін айшықтайды.
«Сондықтан жапондықтар Наурыз мерекесінің мәнін жақсы түсінеді. Қазақстанның Жапониядағы елшілігіне жиі келіп тұратын Сатоши Акао осы күні қазақстандықтарды өзгеше әдіспен құттықтағысы келіп, видео арқылы қазақша тілегін жеткізді», - дейді елшілік қызметкерлері.