Жапондықтарға биік қонақүйлер салуға рұқсат берілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жапония үкіметі шағын ауданда биік қонақүйлер салуға шектеуді алып тастауды ұйғарды, деп хабарлады ТАСС.

Жапон заңдары бойынша қонақүйдің барынша биік болуы оның іргетасының ауданына байланысты, соның ніәтижесінде бизнес-кластағы қымбат емес қонақ үйлердегі нөмірлердің ауданы 18-20 шаршы метрден аспайды, әдетте олар 12 қабаттан биік емес.

Енді мұндай қонақүйлердің қабаты 20-ға дейін биіктеуі мүмкін - бұл көбірек туристер қабылдауға және нөмірлер бағасын арзандатуға мүмкіндік береді.

Қонақүйлер операторлары құрылыс жоспарын жергілікті өкімет орындарымен келісуі тиіс, егер олар тым биік құрылыстар қала келбетіне нұқсан келтіретінін немесе жолдарда үлкен кептелістер тудыратынын дәлелдей алса, мұндай биік ғимараттар салуға тыйым сала алады.

Жапон үкіметі туризмге баса көңіл бөлуде, оны экономикалық өсім үшін ынталандыру ретінде қарастырады, алайда қазірдің өзінде Токиода және елдің басқа да ірі қалаларында қонақүйлер нөмірлері жетіспейтіні сезілуде.