Жапония 2020 жылы өтетін Олимпиада ойындарының белгісін таныстырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Токиода 2020 жылы өтетін Олимпиада және Паралимпиада ойындары тұмарының ресми таныстырылымы өтті. Символ ретінде жапондық стилдегі аниме кейіпкерлері таңдалынып алынған, деп хабарлайды The Guardian.

Жапон халқының таңдауына екі мыңнан астам дизайнер өз жұмыстарын ұсынған. Финалистер тізіміне үш нұсқа еніп, соңында жеңімпаздар анықталды.

Ең қызығы, 2020 Олимпиадасының тұмарын таңдауға бүкіл Жапонияның миллиондаған мектеп оқушылары қатысқан.

Әзірге таңдап алынған тұмарларға ат қойылып айдар тағылмапты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, Олимпиада ойындарының символы ретінде ақшыл-көк түстес шақпақтармен безендірілген аниме ойыншықтар таңдалған. Ол әділдікті ту етіп ұстаған кейіпкерлердің бірі болып саналатын көрінеді. Ал Паралимпиада символы сакура гүлдерін еске салатын ақшыл-қызғылт түспен бейнеленген.

Жапондық суретші Рио Танигучи The Guardian  агенттігіне берген сұхбатында өз туындыларының таңдалғанына әлі сенбей жүргенін айтыпты.

Ұйымдастырушылар олимпиадалық  кәдесыйлар сатуға үлкен үміт артып отыр. Себебі Жапоняда тұмар, немесе осыған байланысты басқа да дүниелер мол пайда әкелетін табыс көзі болып саналады. Мысалы Кумамото префектурасының бейнесі болып табылатын Кумамона қонжығының суреті салынған азық-түлік тауарлары мен ойыншықтар 2016 жылы Жапонияға 128 млрд иен (1,1 млрд АҚШ доллары) пайда әкеліп, рекордтық көрсеткішке жеткен.