Жапония Астана ауруханасына компьютерлік томография кабинетін сыйға тартты

Жапония үкіметі Астанадағы академик Н.Ж.Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығына қымбат құрылғысы бар компьютерлік томография кабинетін сыйға тартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фото: Солтан Жексенбеков/ҚазАқпарат

Жапония үкіметі 2021 жылғы 15 наурызда екі ел үкіметтерінің келісіміне сәйкес, Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін экономикалық және әлеуметтік даму бағдарламасын орындады. Соның аясында үш жапондық аппарат Қазақстан ауруханаларына сыйға берілген. Әр аппараттың құны шамамен 350 млн теңгені құрайды.

Құрылғылардың біреуі Алматыдағы А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығына, екіншісі – елордадағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығына және үшіншісі – Қарағанды обылсындағы ауруханаға сыйға тартылған.

Фото: Солтан Жексембеков/ҚазАқпарат

«Біз екі елдің мүдделі тұлғаларының күш-жігерімен осы жобаның сәтті жүзеге асырылғанына қуаныштымыз. Бұл 2021 жылғы 15 наурыздағы Жапония мен Қазақстан Үкіметі арасындағы гранттық көмек туралы келісімге сәйкес іске асырылды. Н. Батпенов атындағы травматология және ортопедия ғылыми орталығына берілген Fujifilm Superia компьютерлік томографы әлемдегі ең озық сипаттамаларға ие. Болашақта бұл компьютерлік томограф кеңінен қолданылады және қазақстандықтардың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді деп үміттенеміз», – деді Қазақстандағы Жапония елшісі Джун Ямада.

Фото: Солтан Жексембеков/ҚазАқпарат

Қымбат жапондық аппарат пен компьютерлер қойылған кабинет Жапония және Қазақстан табиғатымен безендірілген. Жапондық Fujifilm Supria маркалы компьютерлік томограф КТ зерттеулерінің кең ауқымын қамтиды. Бұл модельдің сурет сапасы сапалы және пайдалану оңай, ең жылдам және нақты диагностиканы қолжетімді бағамен алуға көмектеседі. Автоматтандырылған және интеллектуалды процестер жылдам және сапалы нәтиже береді.

Осы аспаптың көмегімен онкологияны анықтап қана қоймай, оның жеке ошақтарын (метастаздар), сондай-ақ басқа да патологиялық процестерді табуға болады. Құрылғы кез келген мөлшердегі – бірнеше миллиметрге дейін ісіктерді көрсетеді. Осы егжей-тегжейлі диагноздың арқасында дәрігер диагнозды нақтылауға және дұрыс емдеуді тағайындауға ерекше мүмкіндік алады.

Фото: Солтан Жексембеков /ҚазАқпарат

Сондай-ақ, сыйға тартылған КТ аппаратының басты ерекшелігі – әдеттегі 100 келі орнына салмағы 150 келіден асатын науқастарды жіті тексере алады, бұл қазақстандықтардың медициналық көмек алуға қолжетімділігін кеңейте түседі.

Өз кезегінде ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Жапония Үкіметіне грант ретінде көрсеткен қолдауы үшін алғысын білдіріп, екі ел арасындағы одан әрі жемісті ынтымақтастыққа үміт білдірді.

Фото: Солтан Жексембеков/ҚазАқпарат

«Бұл Жапония халқының үлкен сыйы, біз үшін өте мағынасы зор. Өйткені пандемия жылдары барлық елдің басына сын түсті, сол уақытта біздің елге үлкен достық көңілменен берілген көмек. Сондықтан бұл көмектің қандай маңызды екенін түсінеміз. Бұл Жапония тарапынан біржақты көмек болды және ынтымақтастық жұмыстары әрі қарай жалғасады. Қазірдің өзінде денсаулық сақтау саласы бойынша ғалымдарымыз бен медициналық қызметкерлеріміз Жапонияда білім алып жатыр», - деді министр.

Фото: Солтан Жексембеков/ҚазАқпарат

Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығының пациенттері бұл медициналық қызметті МӘМС шеңберінде тегін ала алады.