Жергілікті БАҚ-тардың хабарлауынша, бұл дүрбелеңге «Жапонияның «Фукусима-1» атом-электр стансасынан тараған радиацияның теңіз суынан өндірілетін тұзды уландыратыны» туралы өсек-әңгіме себеп болған. Осы әңгімеге орай Бейжіңде, Шанхайда, Чжэцзян, Гуандун, Сычуань уәлаяттарында, тіпті елдің солтүстік-батысында орналасқан Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесінде де халық дүрлігіп, қап-қаппен тұз сатып ала бастады. Кей жерлерде тұздың бағасы 5-10 есеге өсіп отыр.
Қытайлықтар ықтимал радициялық қатерден қорғайды деген үмітпен йодталған тұзды да сатып алуда.
«Синьхуа» агенттігінің ақпараты бойынша, ел өкіметі азаматтарды дүрлікпеуге шақырып, оларды қажетті тұзбен қамтамасыз етуге және оның тұрақты бағасын ұстап тұруға уәде беруде. Ал теңіз суының жағдайын бақылауға жауапты ведомствоның өкілдері, тұз өндірісіне қауіптің жоқ екенін, су ағыны радиациямен уланған заттарды жағалаудан алыс әкететінін айтуда.
Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Цзян Юйдің мәлімдеуінше, Қытай жапон тарапының «Фукусима-1» стансасындағы жағдай туралы және оқиғаның өрбу болжамы туралы нақты мәліметтерді уақтылы беріп отыратындығына үміт артады.
17 наурыздағы радиациялық мониторингтің нәтижесі бойынша, Қытайдың барлық қалаларында радиацияның деңгейі табиғи радиациялық фоннан аспаған.