Жапония Айға қондыру модулі бар зымыран-тасығышын ұшырды

ТОКИО. ҚазАқпарат – Жапония елдің оңтүстік-батысындағы Танегасима ғарыш орталығынан бортында Айға қондыру модулі бар H2A зымыран-тасығышын ұшырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Kyodo ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Фото: Kyodo

Жапония Ай бетіне нүктелік қону технологиясын сынауға арналған шағын SLIM зондының көмегімен бұрынғы Кеңес Одағы, АҚШ, Қытай және Үндістаннан кейін Айға ғарыш кемесін қондырған бесінші ел болуды көздеп отыр.

Жапонияның аэроғарыштық зерттеулер агенттігінің мәліметінше, H2A зымыран-тасығышы жоспар бойынша таңғы сағат 8:42-де ұшып, ал SLIM зонды 47 минуттан кейін зымыраннан бөлініп шықты.
Сондай-ақ, зымыран бортында болған жұлдыздар мен галактикалардағы плазманы бақылауға арналған XRISM рентгендік астрономиялық спутнигінің сәтті ажыратылғаны туралы хабарланды.
Зымыран сәтті ұшырылғаны туралы ақпарат осы жылдың наурыз айында JAXA және Mitsubishi Heavy Industries Ltd компаниялары әзірлеген жаңа буынды H3 зымыран-тасығышын ұшырудың сәтсіз әрекетінен кейін келді. Елдің 2005 жылдан бері H2A зымырандарын осымен қатарынан 41 рет сәтті ұшырғаны хабарланды.
Жапонияның премьер-министрі Фумио Кисиданың айтуынша, ғарыштық жарыстың күшеюін ескере отырып, «негізгі» зымыран-тасығышын жасау елдің тәуелсіз ғарыш қызметі үшін «маңызды».
«Біз H3 зымыранын сәтті қайта ұшыру және ғарышты одан әрі зерттеу үшін жұмысты жалғастырамыз деп үміттенеміз», - деп жазды Фумио Кисида X әлеуметтік желісінде.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Үндістан өзінің «Чандраян-3» ғарыш аппаратын Айдың оңтүстік полюсіне қондырған төртінші ел болды.