Жапония билігі дәмханалар мен мейрамханаларда шылым шегуге түпкілікті тыйым салмақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жапония денсаулық сақтау, еңбек және әл-ауқат министрлігі жабық қоғамдық орындарда, оның ішінде дәмханалар мен мейрамханаларда шылым шегуге тыйым салуға ниетті, деп хабарлады ТАСС.

Сәрсенбі күні жарияланған мекеме құжатында, «бейтарап шылым шегудің өзі темекі шекпейтін келушілер үшін өкпе рагы, инфаркт, балалар астмасы мен өзге де аурулар қаупін ұлғайтады» деп жазылған. Тыйым салудың мерзімі әлі анықталған жоқ, алайда ел билігі 2020 жылы Токиода өтетін Олимпиадаға дейін шылым шегу мәселесін шешуді мақсат етіп қойды.

Күні кешеге дейін Жапония әлем бойынша ең көп шылым шегетін елдер қатарында болды.