Жапония Елшілігінде Қазақстандағы әлеуметтік жобаларды қолдауға қатысты гранттық келісімшарттарға қол қойылды

АНА. 17 наурыз. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бүгін Астанадағы Жапония Елшілігінде Қазақстандағы әлеуметтік жобаларды қолдауға қатысты гранттық келісімшарттарға қол қойылды.

Қол қою рәсіміне Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Юдзо Харада қатысты. Атап айтқанда, бірінші келісімшарт Арал теңізінің құрғап қалған табанын көгалдандыруға арнайы ауыл шаруашылығы жабдықтарын жеткізу жобасына арналып отыр. Осының аясында бұл бастаманы іске асыру үшін «Байтақ Дала» қоғамдық бірлестігі Жапония тарапынан 80 728 АҚШ доллары көлемінде грант алатын болады. Екінші жоба - Қарағанды қаласындағы ауруханы жөндеуге негізделіп отыр. Бұған 86 181 АҚШ доллары бөлінбек. Ал үшінші келісімшарт бойынша «Самал» оңалту орталығындағы мүгедек балалар үшін ғимаратты кеңейту және жөндеу жұмыстарына 100 000 АҚШ доллары игерілмек.