Академия марапаты Елші мырзаға «Халықтар арасындағы ғылым мен білім саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін» тағайындалып отыр.
Салтанатты марапаттау рәсімі Ұлттық академиялық кітапханада «Тұлғалар тағылымы» сериясы бойынша Академия ұйымдастырған екінші семинар аясында өтті.
«Біздің алғашқы семинарымыз Жапония елшілігінің қолдауымен «Әбдірәшит Ибраһим және Жапониядағы мұсылмандар» атты тақырыпта өткен. Арнайы келген қонағымыз профессор Хисао Коматсу өте танымдық дәріс оқыған. Бірінші семинарды өткізуде қолдау жасағаны үшін Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ичиро Кавабатаға беруді жөн көріп отырмыз», - деді Дархан Қыдырәлі.
Айта кету керек, Түркі академиясы мен Жапонияның ғылыми ордалары арасында берік ынтымақтастық орнаған. Атап айтқанда, Академияның «Түркі әлемінде тұлғалар тағылымы» сериясы бойынша өткізген алғашқы семинарында токиолық танымал түркітанушы Хисао Коматсу татар халқының көрнекті қайраткері Әбдірәшит Ибраһим жайлы түрік тілінде дәріс оқыған болатын. Бұдан бөлек, 2017 жылдың қазан айында Академия басшысы бастаған делегация Халықаралық академиялар одағының арнайы шақыртуымен Жапонияда болып, бірқатар кездесулер өткізген.