Жапония халықаралық туристік салықты 3000 иенге дейін көтереді

АСТАНА. KAZINFORM — Жапония үкіметі 1 шілдеден бастап халықаралық туристік салық мөлшерін 1000 иеннен 3000 иенге дейін арттырады.

Фото: Freepik

Kyodo агенттігінің хабарлауынша, аталған салық әуе билеттерінің құнына енгізіліп, әуе компаниялары арқылы алынады. Түскен қаражат туристердің шамадан тыс шоғырлануынан туындайтын мәселелерді шешуге және туристік инфрақұрылымды дамытуға бағытталмақ

Жаңа ережеге сәйкес, Жапонияға келгеннен кейін 24 сағат ішінде елден шығатын транзиттік жолаушылар мен екі жасқа толмаған балалар бұл салықтан босатылады. Ал 30 маусымға дейін билет сатып алған жолаушылар үшін бұрынғы 1000 иен мөлшерлемесі сақталады.

Өткен жылы халықаралық туристік салықтан түскен түсім шамамен 49 млрд иен болған. Салық мөлшерлемесі көтерілгеннен кейін бұл көрсеткіш жылына 130 млрд иенге дейін жетеді деп күтілуде.

Жапония билігі жиналған қаражатты туристер көп шоғырланатын аймақтардағы жүктемені азайтуға, танымал туристік орындардағы инфрақұрылымды жақсартуға, сондай-ақ саяхатшыларды өңірлерге тартуға бағытталған жобаларды қолдауға жұмсамақ.

Соңғы жылдары Жапонияға келетін шетелдік туристер санының айтарлықтай артуына байланысты елдің бірқатар өңірінде «артық туризм» мәселесі өзекті болып отыр. Үкімет жаңа шаралар туристік саланың тұрақты дамуына ықпал етеді деп есептейді.

Бұған дейін Жапония үкіметі шілде айынан бастап шетел азаматтары үшін бір реттік виза алуға өтініш беру алымын бес есеге — 3000 иеннен 15 000 иенге (шамамен 90 АҚШ доллары) дейін арттыру туралы шешім қабылдағанын хабарлаған едік