Жапония Халықаралық ғарыш стансасына робот басқарған кеме жіберді

АСТАНА. 4 тамыз. ҚазАқпарат - Жапония Халықаралық ғарыш стансасына «Конотори» ( «Аққұтан») жүк кемесін ғарышкерсіз жіберді, деп хабарлайды РБК.

Кеме Тэнэгасима ғарыш айлағынан сәтті ұшып кетті, деп хабарланды Жапондық әуеғарыштық зерттеу агенттігінен. Ол Халықаралық ғарыш стансасымен 9 тамызда түйіседі деп жоспарлануда.

«Конотори» ғылыми аспаптар, азық-түлік және киіммен қатар, стансаға «Киробо» робот-ғарышкерін жеткізеді. Оның аты "кибо" (үміт) және "робот" деген сөздерден құралған.

«Киробоның» сырт келбеті жапондық мультфильмдердің қаһармандарына ұқсайды. Адам тәріздес роботтың бойы 34 см, салмағы 1 кг. Оның міндеті - ғарышкерлермен сөйлесу, оларға жан күйзелістерімен күресуге көмектесу.

«Киробоның» қызметін онлайн режімде бақылауға болады. Роботтың Twitterде «@Kibo_robo» деген блогы бар.