Жапония императорлық әулет туралы заңға өзгеріс енгізбек

АСТАНА. KAZINFORM – Жапония парламенті Императорлық әулет туралы заңды реформалау жөніндегі ұсыныстарды әзірлеуді аяқтады. Ел бұл заңға ондаған жылдан кейін алғаш рет өзгеріс енгізбек, деп хабарлайды Kyodo агенттігі .

Фото: Kyodo

Құжат екі палатаның барлық 13 саяси партиясы мен фракциясының қатысуымен өткен партияаралық консультациялар қорытындысы бойынша дайындалды. Оны төменгі палата спикері Эйсукэ Мори премьер-министр Санаэ Такаитиге тапсырды.

Түзетулерді қазіргі парламент сессиясы аяқталатын 17 шілдеге дейін қабылдау жоспарланып отыр. Ұсыныстар екі негізгі өзгерісті қамтиды.

Біріншісі – императорлық отбасы мүшесі саналатын әйелдерге қарапайым азаматқа тұрмысқа шыққаннан кейін де өз мәртебесін сақтауға мүмкіндік беру. Қолданыстағы 1947 жылғы заң бойынша олар некеге тұрған сәттен бастап бұл мәртебеден автоматты түрде айырылады.

Сонымен қатар олардың жұбайлары мен балаларына императорлық мәртебе беріле ме деген мәселе әзірге ашық күйінде қалып отыр.

Екінші ұсыныс – император әулетінің таратылған 11 тармағынан шыққан, ерлер желісі бойынша императорлардың ұрпағы саналатын ер адамдарды асырап алуға рұқсат беру.

Сонымен бірге реформада шектеулер де бар. Яғни асырап алынған адамдар тақ мұрагерлігі құқығына ие болмайды, ал әйел адамның таққа отыру мүмкіндігі туралы мәселе құжатта қарастырылмаған. Тақ мұрагерлігі мәселесі Жапонияда ерекше өзекті болып отыр.

Қазіргі уақытта 66 жастағы император Нарухитоның небәрі үш мұрагері бар: оның інісі тақ мұрагері ханзада Фумихито (60 жаста), жиені ханзада Хисахито (19 жаста) және ағасы ханзада Хитати (90 жаста).

Төменгі палата спикерінің орынбасары Кэйити Исиинің айтуынша, тақтың Хисахитоға берілу жоспары «өзгермейтін қағида» болып қала береді, ал мұрагерліктің одан кейінгі желісі болашақта талқыланады.

Билік пен оппозициядағы жетекші партиялардың көпшілігі қолдаған келісілген ұсыныс негізінде үкімет заңға түзетулер енгізу туралы заң жобасын әзірлеуге кіріседі.