Жапония Императорының төлқұжатына қатысты құпия қаулы жарыққа шықты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жапония СІМ ел императорына қатысты бірқатар құжаттардың құпиясын ашты, деп хабарлады ИТАР-ТАСС.

Елдің сыртқы істер министрлігі бұған дейін құпия болып келген құжатты жария етті. Онда Жапония императоры мен оның зайыбында шетелге шығатын төлқұжат болуға міндетті емес деген арнайы қаулы бар екені көрсетілген.

Қаулыны 1971 жылы 10 мамырда Жапония Сыртқы саяси ведомствосы қабылдаған. «Тиісті құжаттарды император мен императрицаға берудің еш реті жоқ», - делінген оның мәтінінде. Онда сондай-ақ, Конституцияға сәйкес, император - Жапонияның басты символы сондықтан, император үшін «қарапайым азаматтар өтетін белгіленген визалық рәсімнен өту өте орынсыз жағдай» деп жазылған.

Сол заманда жапон монархына паспорт керек, керек еместігін ұзақ талқылаған Сыртқы саясат мекемесі «Құпия» таңбасы соғылған қаулыны қабылдаған. Қаулы 43 жыл өткен соң ашылып отыр. Қазіргі уақытта да император Акихито мен оның зайыбы Митико халықаралық сапарларға шыққанда төлқұжат пайдаланбайды. Алайда, император отбасының басқа мүшелеріне қолданыстағы нормаларға сәйкес, дипломаттық құжаттар беріледі. Жапония тарихында Император отбасы тарихында алғашқы рет шетелге Хирохито шыққан. Ол 1971 жылы Еуропаның бірнеше елін аралады, делінген шетелдік ақпаратта.