Жапония мен АҚШ зымыран ұшыру талаптарын жеңілдетеді

АСТАНА. KAZINFORM — Жапония мен АҚШ ғарыш аппараттарын ұшыру ережелерін жеңілдету туралы келісімге келді. Елдер тексерудің бірқатар рәсімін стандарттауды жоспарлап отыр. Бұл жапон компанияларына зымырандарын АҚШ-тағы ғарыш айлақтарынан, ал америкалық операторларға Жапониядағы ғарыш айлақтарынан ұшыруға мүмкіндік береді. Бұл туралы Жапония үкіметі мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform Kyodo агенттігіне сілтеме жасап.

Фото: watch. impress.co

Ынтымақтастық туралы меморандумға Жапонияның ұлттық ғарыш саясаты хатшылығы мен АҚШ Федералдық авиация басқармасы қол қойды. Келісім нормативтік талаптарды жеңілдетуді және ақпарат алмасуды кеңейтуді де көздейді.

— Біз түрлі бағытта дамып келе жатқан ғарыш бизнесіне бейімделген жүйе құрғымыз келеді, — деді құжатқа қол қойылғаннан кейін Жапония хатшылығының бас директоры Такацугу Рюдзаки.

Қазір Жапонияда бірнеше ғарыш айлағын салу жобасы жүзеге асырылып жатыр. Олардың қатарында Коти және Оита префектураларындағы жобалар бар. Ынтымақтастық аясында екі ел ғарыш бизнесі операторларына арналған нұсқаулық әзірлеп, ғарыш айлақтарына қойылатын нақты талаптарды белгілеуді жоспарлап отыр.

Екі елдің жоспары зымыран ұшырумен ғана шектелмейді. Жапония мен АҚШ теңіз деңгейінен шамамен 100 шақырым биіктікте екі елдің қалалары арасында суборбиталық ұшулар ұйымдастыру мүмкіндігін де қарастырып жатыр.

Мұндай технологиялар болашақта әуе қатынасының уақытын айтарлықтай қысқартуы мүмкін. Былтыр Жапонияның туристік агенттігі 2030-жылдары Токио мен АҚШ қалалары, соның ішінде Нью-Йорк арасында тікелей көлік қатынасын іске қосу жоспарлары бар екенін хабарлаған. Мұндай сапар шамамен бір сағатқа созылуы мүмкін.

Еске салайық, бұған дейін Үндістан алғаш рет жеке компания әзірлеген Vikram-1 зымыранын ұшырғанын жазғанбыз.