Жапония мен ЕО спутниктік жүйе мен қорғаныс ынтымақтастығын дамытпақ
АСТАНА. KAZINFORM — Жапония мен Еуропалық одақ АҚШ-қа тәуелділікті азайту мақсатында өздерінің спутниктік желісін құруды және қорғаныс-өнеркәсіптік кешен саласында ынтымақтастық орнатуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды ТАСС.
Бұл туралы Nikkei газеті Жапония мен ЕО арасындағы 23 шілдеде Токиода өтетін саммитте қабылдануы жоспарланған келісім жобасына сілтеме жасап хабарлады.
Тараптар бірлесіп пайдаланылатын шағын спутниктер топтамасын құруға уағдаласпақ. Сонымен қатар, бұл салада мемлекеттік-жекеменшік әріптестік форматы да талқыланады. Атап айтқанда, маңызды технологиялар мен климаттың өзгеруі және табиғи апаттарға қарсы күреске қатысты деректер алмасу жөнінде ортақ стандарттар мен ережелер әзірленуі мүмкін. Бұдан бөлек, ғарыштық қоқысты жою бойынша бірлескен іс-қимылдар талқыланады.
Жапония мен ЕО нақты уақыт режимінде жұмыс істейтін спутниктік топтың болуын цифрландыруды одан әрі дамыту үшін маңызды фактор деп санайды. Алайда бұл салада Токио мен Брюссель АҚШ пен Қытайдан едәуір артта қалып отыр. Жапонияның Экономика, сауда және өнеркәсіп министрлігінің деректеріне сілтеме жасаған Nikkei басылымы Иллон Масктың SpaceX компаниясы 40 000 спутник ұшыруды, ал Қытай 10 000 спутник іске қосуды жоспарлап отырғанын жазады. Ал Еуропалық одақ 290 спутник, Токио болса 2030 жылдардың басына қарай «беске жуық спутник» иеленуді көздеп отыр.
Осыған байланысты Nikkei Жапония мен көптеген ЕО елдері АҚШ-тың одақтасы бола отырып, ақпараттық технологиялар саласында Вашингтонға қатты тәуелді екенін атап өтеді. АҚШ президенті Дональд Трамптың саясаты ғарыш саласындағы ынтымақтастықтың болашағына қатысты күмән тудырып отыр. Сондықтан Токио мен Брюссель өз өнеркәсіптік әлеуетін дамыту мақсатында бірлесіп әрекет еткісі келеді.