Жапония премьер-министрі дельфиндер аулауды ұлттық мәдени дәстүрге жатқызады

АСТАНА. 26 қаңтар. ҚазАқпарат - Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ дельфиндерді аулау ісін ұлттық мәдениет түріне жатқызып, халықаралық қауымдастық бұл мәселеге түсіністікпен қарайды деген үмітін білдірді. Бұл туралы жапон үкіметінің басшысы американдық CNN телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеді, деп жазады ИТАР-ТАСС.

«Тайдзи қаласындағы дельфиндерді аулау - ұлттық мәдениетімізде өзіндік орны бар балық аулаудың ежелгі дәстүрі, - дейді Абэ. - Жұртшылық бізге түсіністікпен қарайды деген үміттеміз». Жапон үкіметінің басшысы «әр елдің әр аймағының ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан, ұстанатын өзіндік салт-жоралғылары бар. Оларды құрметтеу керек деп санаймын», - дейді. Синдзо Абэ сондай-ақ әлемдік қауымдастықтың дельфиндерді аулау ісін қатаң сынға алатынын білетіндігін атап өтті. «Бұл істі біз қатаң реттеп отырмыз», - деді ол. Дельфиндерді аулауға қарсылық білдіру сипатындағы пікірлердің туындауына АҚШ-тың Жапониядағы жаңа елшісі Кэролайн Кеннедидің «Твиттер» әлеуметтік желісіндегі өзінің микроблогына өткен аптада «Балық аулау кәсібіндегі дельфиндердің аяусыз қырып-жойылуын мен құптамаймын. АҚШ үкіметі дельфиндердің бұлайша өлтірілуіне қарсылық білдіреді», - деп жазуы себеп болған.