Жапония Премьер-министрінің жұбайы Астанадағы оқушылар сарайын аралады (ФОТО)
Алдымен "Жас журналист" үйірмесіне бас сұққан Акие ханым олармен емен-жарқын əңгімелесіп, балалардың сұрақтарына жауап берді, əрі əңгіме арасында өзінің ақылын айтып отырды. "Мен Премьер-министрдің жұбайы ретінде көптеген елдерге сапарлаймын, Жапонияда да көптеген шараларға қатысамын. Сонымер қатар Токиода шағын мейрамханам бар. Білім беру саласында бірқатар жобаларды жүзеге асырғанмын. Болашақтағы ойым - шалғай провинцияларда орта мектеп ашу", - дейді А.Абэ балалардың сұрағына жауап бере отырып. Жалпы, Оқушылар сарайындағы "Жас журналист" үйірмесі қазақ жəне орыс тілдерінде журналистикаға ынтасы бар оқушыларды оқытады. Балалардың аяқ алысы жаман емес, себебі, шетелдік Премьер-министрдің жұбайына өздеріне тән қызықты да мәнді сұрақтар қойды. Мысалы, бір оқушы "жұбайыңыздың жұмыс бабында сіз ықпал ететін жайттар болды ма?" деп сұраса, екіншісі "жапон балалары мен қазақ балаларының ұқсастығын, сырт көзге байқалатын айырмашылығын айтып беріңізші" деді. "Мен басқа адамға тұрмысқа шықсам, тағдырым мүлде өзгеше болар еді. Қазір Жапония Премьер-министрінің жары болғандықтан, кейде саяси шараларға қатысамын. Жолдасыммен еріп, шет мемлекеттерге сапарға шығамын. Жұбайыма əрқашан қолдау білдіремін", - дей келе Акие ханым көптеген елдерде қазір баланың дамуына, білім алуына барлық жағдай жасалғанын жəне олар сол мүмкіндікті пайдалануы керектігін атап өтті. Бала журналистермен сұхбаттан соң Акие ханым «Тұмар» халық би ансамблінің өнерін тамашалады. Оқушы қыздардың осы би ансамблі Қазақстанның өңір-өңірінде, сондай-ақ бірнеше шет мемлекеттерде өнер көрсеткен. Премьер-министрдің жұбайы қазақ қыздарының сұлулығына, мың бұралған билеріне тамсанды. Ансамбль мүшелерінің əрқайсысымен қол алысқан Акие Абэ қазақтың ұлттық биіне «классика мен ұлттық нақышты қатар үйлестірген өнер» деп жоғары бағасын берді.