Жапония премьері араға 38 жыл салып Иранға барады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жапония премьері Синдзо Абэ 38 жылда алғаш рет жапондық бизнесмендер және компаниялардың басшылары тобымен Иранға барады, деп жазады дүйсенбі күні жапондық «Никкэй» іскерлік газеті.

Бұл 1978 жылдың қыркүйегінде Жапония премьер-министрі Такэо Фукуданың Иранға жасаған сапарынан кейін Иранға бірінші бару. Иранға сапар тамыздың екінші жартысында Кенияға барумен біріктірілуі мүмкін, деп хабарлайды басылым.

Қаңтар айында Жапония Иранға қарсы санкцияларды жойды. Ал ақпанның басында жапондық компаниялар үшін Иран нарығына жол ашып, олардың инвестицияларын Иранның газ және мұнай шығару саласына ынталандыратын инвестициялар туралы екіжақты келісімге қол қойды. Екі елдің банктері филиалдар ашып, сонымен бірге екі елдің қаржылық институттарының арасында валюта айырбастау келісімдерін орнату мүмкіндігін алып отыр.